24.09.2026, 17:00
Оқылды: 12

«Әжелер мектебі»: Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған жоба

Казталов ауданында кейінгі жылдары қоғамдық ұйымдардың бастамасымен ұлттық тәрбиеге бағытталған жұмыстар жанданып келеді. Әсіресе аға буын өкілдерінің кейінгі ұрпақпен байланысын күшейтіп, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрді жас буынның бойына сіңіруге бағытталған жобаларға басымдық берілуде.

image-24-09-26-02-06-3

Осындай жұмыстардың қатарында Казталов аудандық Әжелер алқасының бастамасымен қолға алынған «Әжелер мектебі» жобасы бар. Былтыр құрылған алқа бүгінде аудан көлеміндегі 16 ауылдық округте жүйелі жұмыс жүргізуге атсалысып келеді. Жоба аясында ауыл әжелері жастармен және оқушылармен кездесіп, ұлттық әдет-ғұрып, отбасы тәрбиесі, үлкенді сыйлау мен кішіге ізет көрсету сияқты құндылықтарды насихаттауда.

image-24-09-26-02-06

Әр ауылдағы кездесулердің мазмұны жергілікті ерекшелікке қарай ұйымдастырылып, ұлттық тәрбиеге қатысты тақырыптар кеңінен қамтылуда. Бұл ретте әжелердің өмірлік тәжірибесі мен ел ішінде сақталған дәстүрлерді білуі жас ұрпаққа бағыт-бағдар берудің өзіндік бір арнасына айналып отыр.

image-24-09-26-02-06-1

Жуырда Қошанкөл, Көктерек және Жалпақтал ауылдарында өткен басқосуларда оқушыларға халқымыздың ырым-тыйымдары түсіндіріліп, олардың шығу төркіні мен тәрбиелік мәні сөз болды. Әжелер күнделікті өмірде қалыптасқан ұстанымдардың астарындағы халықтық тәрбиені мысалдар арқылы жеткізді.

image-24-09-26-02-06-2

Ұлттық құндылықтың өміршеңдігі оның кейінгі буынға қалай берілуіне де байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, «Әжелер мектебі» аға ұрпақтың тәжірибесін жас буынмен ұштастырып, ауылдағы ұлттық тәрбие жұмысына өзіндік үлесін қосып келеді.

 

Жайна Қабиболла,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале