ҚР Үкіметі баспасөз қызметінің хабарлауынша, дуальды оқытуды ұйымдастыру процесінің цифрлық форматқа көшірілуі колледждер мен бизнес өкілдерінің өзара іс-қимылын жеңілдетіп қана қоймай, түлектерді жұмысқа орналастыру тиімділігін 93%-ға дейін арттырды.

Фото: Мәди Салық
Астана қаласындағы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің аға мастері Әлия Байжігітованың айтуынша, бұрын бұл процесс кәсіпорындарды аралап, көптеген құжат жинауды талап етіп, ұзақ уақытты алатын. Ал қазір барлығы толық цифрландырылып, бар болғаны екі апта ішінде базаны толық жүктеп, студенттердің түйіндемесі мен кәсіпорындар тізімін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жаңа цифрлық платформаны пайдалану нәтижесінде соңғы жылы түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші 83%-дан 93%-ға дейін өскен. Бұл жастардың жүйе арқылы кәсіпорындарға орналасып, оқуды аяқтағаннан кейін де сол жұмыс орындарында тұрақтап қалуымен тікелей байланысты.