27.09.2026, 14:10
Оқылды: 13

Жайық қалашығы ашық аспан астындағы музейге айнала ма?

Конференцияда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Тілек Ғабдушев Жайық қалашығының тарихи маңызына, оны сақтау мен музейлендіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

IMG-20260927-WA0037_edit_130923834425731

Фото: Мәди Салық

Ол ең алдымен жиынға арнайы қатысқан Ұлытаудан келген «Жошы хан» тарихи-мәдени музейінің директоры Медеу Бейсеновке алғысын білдіріп, Ұлы Дала тарихын зерттеуде өңірлер арасындағы ғылыми-мәдени байланыстың маңызын атап өтті.

– Жайық қалашығы – жай ғана археологиялық ескерткіш емес. Ол – Алтын Орда дәуіріндегі Жайық өңірінің тарихи-мәдени және әлеуметтік-экономикалық дамуын танытатын маңызды дереккөз. Оны зерттеу, сақтау, қорғау және музейлендіру – өңірдің бай тарихын келер ұрпаққа жеткізудің маңызды міндеттерінің бірі, – деді ол.

Тілек Ғабдушев берген мәліметтерге сүйенсек, Жайық қалашығы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізіліп, мемлекеттік қорғауға алынған.

2024 жылғы 19 шілдеде облыс әкімдігінің қаулысымен «Жайық қалашығы» тарихи-мәдени музей-қорығы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны ретінде құрылды. Музей-қорық алдында археологиялық зерттеулерді жалғастыру, тарихи нысанды сақтау, ғылыми деректерді жүйелеу және оны көпшілікке таныстыру секілді ауқымды міндеттер тұр.

Бүгінде ескерткіш аумағында археологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, қорғандар кешені, некрополь және бірқатар архитектуралық құрылыс іздері анықталған. Нысандардың координаталары белгіленіп, фотофиксация, паспорттау жұмыстары жүргізілуде. Қазба жұмыстарының ғылыми есептері жүйеленіп, цифрлық форматқа енгізілуде. Бұл жұмыстардың барлығы Жайық қалашығын болашақта ашық аспан астындағы музейге айналдыру идеясын жүзеге асыруға негіз болмақ.

IMG-20260927-WA0040_edit_130913565059798

Ғылыми жиында тарих ғылымдарының докторы, М. Өтемісов атындағы БҚУ профессоры, ҚР Ғылым академиясының құрметті академигі Мұрат Сыдықовтың «Ортағасырлық Жайық қалашығы: ашылуы және тарихи маңызы» атты баяндамасы ерекше назар аудартты. Биыл Жайық қалашығының ашылғанына 25 жыл толуына орай жасалған баяндамада көне қаланың тарихы мен археологиялық маңызы кеңінен сөз болды.

Гүлжамал Жолдығали, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале