Жайық қалашығы — Батыс Қазақстандағы Алтын Орда дәуіріне жататын аса маңызды ортағасырлық археологиялық ескерткіш.

Фото: Мәди Салық
Ол қазіргі Орал қаласынан шамамен 12 шақырым жерде, Жайық өзенінің маңында орналасқан. Қалашық 2001 жылы археологиялық зерттеулер барысында анықталды. Сол жылы Батыс Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясын тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сдықов басқарған болатын. Ғылыми-практикалық конференцияға Мұрат Наурызғалиұлы арнайы қатысып, ой-пікірімен бөлісті.

Қалашықтың тарихы негізінен XIII-XV ғасырлармен байланыстырылады. Археологиялық материалдар оның Алтын Орда кезеңіндегі дамыған қалалық орталықтардың бірі болғанын көрсетеді. Әсіресе XIII ғасырдың соңы мен XIV ғасырда қала мәдениетінің өркендеген кезеңі болғаны байқалады. Қазба жұмыстары кезінде қалашық аумағынан тұрғын үйлер, шаруашылық және қоғамдық құрылыстар, монша, кірпіш пен қыш күйдіретін пештер, сондай-ақ қаланың некрополіндегі кесенелер зерттелді. Кейбір тұрғын үйлердің күрделі жоспарланғаны, жылыту жүйелері мен қыштан жасалған құрылыс элементтерінің қолданылғаны анықталды. Бұл Жайық бойында сол кезеңде отырықшы-қалалық мәдениеттің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Жайық қалашығының Алтын Орда әлемімен байланысын археологиялық олжалар да дәлелдейді. Мысалы, қалашықтан табылған тиындардың бірі 737 хижра жылына (1336–1337 жылдар) жатады және Өзбек хан дәуіріне сәйкес келеді. Сонымен қатар құрылыс дәстүрлерінен Хорезм мен Сырдария өңірлерінің ықпалы байқалады. Қалашықтың маңынан көлемді некрополь де зерттелген. Кесенелердің сәулеттік ерекшеліктері мен жерлеу материалдары сол дәуірдегі діни және мәдени үдерістер туралы маңызды мәлімет береді. Археологиялық зерттеулер Жайық қаласының Еуразия даласындағы қала мәдениетімен тығыз байланыста болғанын көрсетеді.

Жайық қалашығының ғылыми маңызы — Батыс Қазақстан тарихын тек көшпелі қоғам тарихы ретінде қарастырудың жеткіліксіз екенін көрсетуінде. Бұл ескерткіш Жайық өңірінде орта ғасырларда қала, қолөнер, өндіріс, сауда және отырықшы мәдениет болғанын археологиялық деректер арқылы дәлелдейді.
Мұрат Сдықов Жайық қалашығын зерттеу негізінде оның өңір тарихындағы маңызын бірнеше рет атап өтті. Ғалым қалашықты қазіргі Оралдың тарихымен байланыстыра қарастырып, оны ашық аспан астындағы музейге айналдыру қажеттігін де көтерді.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz