Кезінде заманның зілдей сынағы мен жауапкершілігін тайсалмай көтеріп, жұртына сыйлы басшы болған Максим Қожамұратовты еске алуға арналып, Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында үлкен шара өтті.

Еңбек жолын «Краснояр» кеңшарында автомобиль жүргізушісі болып бастап, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған соң, аталған кеңшарда бөлімше меңгерушісі, бас зоотехник, сосын Тайпақ аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, «Зауральный» кеңшарының, Орда ауданындағы «Орда» кеңшарының, Тайпақ ауданындағы «Тайпақ» асыл тұқымды кеңшарының директоры қызметтерінде ол істегі озық бағыттарды өрістетуімен, жауапкершілікке табандылығымен, ел-жұртына шынайы жанашырлығымен танылды. Сондықтан Тайпақ аудандық кеңесінің төрағалығына, кейін Тайпақ ауданының әкімі лауазымдарына көтерілді.

Зерде шарасында сөз алған ардагерлер Әленғали Кереев, Талғат Смағұлұлы, Тайпақ ардагерлер кеңесінің төрағасы Боранбай Қыдырғожин, Тайпақ ауылдық округінің әкімі Жалғас Жұмағалиев және басқалар азаматтың ұйымдастырушылық қабілеті, бұқарамен тығыз байланыстағы сан қырлы жұмысы жайында баяндады. Ғұмыры ғибратты Максим Жайлыбайұлы сынды жандардың өнегесін, адамдығын кейінгі ұрпаққа жан-жақты насихаттау туралы айтылды.

Замандастарының сөзінен сұм ажал арамыздан ерте алып кеткен асыл азаматқа деген сағыныш табы анық сезілді.
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұқанова өткен жолы кейінгілерге айтулы мектеп болып табылатын аға тағылымы жайында айтып, М.Қожамұратовтың жары Әсия Рахымқызының иығына аудан әкімі Мұрат Сердалиннің атынан камзол жапты.
Бекем Бекұлы
Ақжайық ауданы