30.09.2026, 16:15
Оқылды: 12

Шыңғырлау ауданы «Жүрек жылуы» шығармашылық фестивалі өтті

Қайырымдылық айлығы аясында Шыңғырлау ауданында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында XXVIII аудандық «Жүрек жылуы» шығармашылық фестивалі өтті. «Дән» мәдениет үйінде ұйымдастырылған өнер мерекесі ерекше жандардың шығармашылық қабілетін шыңдап, өнерге деген құштарлығын қолдауға, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беруге бағытталды.

image-30-09-26-12-41

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын фестиваль өнерге құштар жандардың басын қосып, олардың талантын танытуға арналған тағылымды шара.

image-30-09-26-12-41 (2)

Фестивальдің ашылу салтанатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтимов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ өнер додасының басты мақсаты ерекше жандардың шығармашылық әлеуетін дамыту, өнер арқылы олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру және таланттарын көпшілікке таныту екені атап өтілді.

Биылғы фестиваль үш номинация бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Эстрадалық вокал», «Музыкалық аспапта ойнау» және «Көркемсөз оқу» бағыттарында өнерпаздар өз шеберліктерін көрсетті.

Байқауға Шыңғырлау, Ақбұлақ және Ащысай ауылдық округтерінен келген қатысушылар қатысты.

Ән өнері номинациясына Шыңғырлау ауылдық округінен Жұлдыз Қабиева,Ащысай ауылдық округінен Төлеген Қадыров,Ақбұлақ ауылдық округінің өнерпазы Марат Қуандыков қатысып, көрермен ықыласына бөленді.

image-30-09-26-12-41 (3)

Музыкалық аспапта ойнау номинациясына Шыңғырлау ауылдық округінің өнерпазы Тілекші Кереев домбырамен, ұлттық өнердің әуезді үнін әуелетті. Ал көркемсөз оқу номинациясында Ащысай ауылдық округінен Айгүл Әбішова сөз құдіретін сезіндіре білді.

Өнерпаздардың өнерін Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Саида Бркенова бастаған әділқазылар алқасы бағалады. Қазылар құрамында аудандық мәдени-демалыс орталығының халықтық «Елімай» ансамблінің жетекшісі Ләззат Қасымова мен аудандық мәдениет үйінің халықтық хор жетекшісі Мұхит Байғалиев болды.

Өнер додасының қорытындысы бойынша әр номинацияның жеңімпаздары анықталып, дипломдармен марапатталды. Жеңімпаздарға Орал қаласында өтетін облыстық фестивальге қатысуға жолдама берілді. Марапаттау рәсімінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Гүлжихан Алпысбаева өнерпаздарды құттықтады.

«Жүрек жылуы» фестивалі жай ғана өнер байқауы емес, мейірім мен жанашырлықты дәріптеп, әр адамның бойындағы қабілет пен талантқа құрмет көрсететін ерекше шара. Өнер арқылы ортақ қуанышқа бөленген қатысушылардың әрбір өнер көрсетуі көрерменге шабыт сыйлап, адам бойындағы қайсарлық пен өмірге деген құштарлықтың жарқын үлгісіне айналды.

Өнер мен ізгілікті тоғыстырған бұл шара қайырымдылықтың мәнін тереңдете түсіп, мейірімділік пен қамқорлықтың қоғам өміріндегі маңызын тағы бір мәрте айқындады. Сонымен қатар, жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Жүрек жылуы» фестиваліне ауылдық округтердің қатысу белсенділігі де ойлануды қажет етеді. Биыл аудан бойынша өнер додасына бар болғаны бес қатысушының үш ауылдық округтен ғана қатысуы бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін аңғартады. Аудандық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің

мәліметінше ауданымызда 16 жастан асқан барлығы 287 мүмкіндігі шектеулі жандар болса оның ішінде І топ -23, ІІ топ- 109, ІІІ топ- 123 адам. Олай болса, фестивальге қатыспаған өзге ауылдық округтерде өнерге бейімі бар, шығармашылыққа талпынысы жоғары жандар жоқ па? Әлде олардың бойындағы талантты танып, өнерге тарту, қолдау көрсету жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей отыр ма? Бұл шараға жауапты мекемелер мен ауылдық округ әкімдіктері назар аударуы тиіс маңызды мәселе.

image-30-09-26-12-41 (1)

Фестивальдің басты мақсаты тек сахнаға қатысушыларды шығарып, жеңімпаздарды анықтаумен шектелмеуі керек. Әр ауылдағы ерекше жандардың қабілетін анықтап, олардың шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау, мәдени шараларға қатысуына қолдау білдіру жүйелі жұмысты талап етеді. Осы орайда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жауапты мамандары округтерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өнерге қызығушылығы бар азаматтарды анықтау, олардың қабілетіне қарай дайындық ұйымдастыру және фестивальге қатысуына қажетті қолдау көрсету маңызды. Өйткені әр адамның бойында ашылмаған бір талант, жүзеге асырылмаған бір арман болуы мүмкін. Ал сол талантты танып, оған жол ашу қоғамның ортақ міндеті.

 

Светлана Байтенова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале