Ақ Жайықтың өнер аспанында айрықша белеске бет алған тарихи жоба өз жалғасын тапты.

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының әртісі, дәстүрлі әнші, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімовтің қатысуымен дәстүрлі ән орындаудағы жаһандық рекордтық көрсеткішті жаңартуға арналған жобаның екінші күні басталды.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медхат Қамбетов жобаның екінші күніне сәттілік тілеп, ақжарма тілегін білдірді.
Бүгін Ақ Жайық төрінде әнмен бірге жүлде де жауды.
Азия мен Африка елдері бойынша GBR Global Best Records әлемдік рекордтар кітабының бас тіркеуші офицері Қуандық Құдайберген арнайы дайындалған күміс төсбелгілер мен арнайы дайындалған сертификат пен төсбелгі құжатын табыстады

Күміс төсбелгілер - Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медхат Қамбетовке, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, фольклортанушы ғалым, эпик-жыршы Берік Жүсіповке, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, журналист, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының директоры Бауыржан Халиоллаға, аталған жобада Х.Бердіғалиевті сүйемелдеген «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Жарас Сатыбалдиев жетекшілік ететін Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің ұжымына және концертмейстер Галина Андрееваға табысталды.

Сонымен қатар төсбелгілермен бірге Азия мен Африка елдері бойынша GBR Global Best Records әлемдік рекордтар кітабының Корпоративтік хатшысы Амал Фарахтың мөрі қойылған арнайы құжаттар да табысталды.
Бұл — бір ғана төсбелгінің табысталуы емес, қазақ өнеріне, дәстүрлі әнге, Ақ Жайықтың рухани мұрасына көрсетілген құрметтің белгісі.
Ал алда — үлкен меже.
Қайрат Сайлауұлы 132 әнді үздіксіз орындауды мақсат етіп отыр.
Бұл — дауысқа сын, домбыраға сын, ең бастысы — дәстүрлі ән өнерінің құдіретін әлемге танытар тарихи белес.

Қайрат Сайлауұлына бабадан қалған әннің аманатын абыроймен арқалап, межелі биікті бағындыруына сәттілік тілейміз!
Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі