Ақжайық ауданы қашанда білімді өренімен, жеңіске құштар тарландарымен танымал. Жуырда өткен бірқатар додаларда жерлестеріміз аудан атын шығарып, дүйім жұрттың мерейін асырды. Үздіктірдің бірқатарын аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова қабылдады.

Қабылдауға кітап оқу байқауында топ жарып, биіктен көрінген Ораз Исаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Айкөркем Бержанова қатысты. Ол биыл облыстық «Мен оқыған 30 кітап» байқауында І орын, республикалық додада ІІ орын иеленген.

Спортта аудан намысын абыроймен қорғап, Ақтөбе қаласында өткен Ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Ерқанат Абылғазы, Бекзат Дарханұлы, Жарқын Мұхамбетжан, Ералы Айтқали, Қарақат Ерболат, Ұлболсын Сырым мен жамбы ату нысанасынан ҚР чемпионы, әлем чемпионатына жолдама ұтып алған Айымбек Бақтыгереев те қабылдауда болды. Жас спортшыларды шыңдап жүрген жаттықтырушылар Амангелді Калиакберов, Сырым Магеланов, Шапағат Наурызов, Кенжеқыз Қаупенова да осы жылы жүздесуде құрметтелді.
Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова жеңімпаздарды жетістіктерімен құттықтап, аудан әкімінің алғыс хаты мен сый-тарту табыс етті. Ол жас өрендердің биік белестерді бағындыруына бағыт беріп жүрген ұстаздар мен жаттықтырушыларына да ризашылық білдірді.

Қатысушылар атынан аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Марат Ығылманов пен жаттықтырушылар сөз сөйлеп, осындай ыстық ықылас, ізгі ілтипат шәкірттердің жеңіске талпынысын еселейтінін атап өтті.
Рақым Берікқали
Ақжайық ауданы