1.10.2026, 20:00
Оқылды: 66

«Әділет» партиясы әлеуметтік осал санаттағы жастарға 10 білім грантын ұсынады

Бұл туралы «Әділет» партиясы БҚОФ баспасөз қызметі хабарлайды. 

IMG-20261001-WA0214_edit_377598141297570

Фото: «Әділет» партиясы БҚОФ баспасөз қызметі

"Әділет" партиясының "Ұстаз айтса" диалог алаңының аясында Оралда «Әділет» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы мен Мағжан Жұмабаев атындағы Халықаралық жоғары колледж арасында жастарды қолдау және білім беру мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауржан Бектұрған мен Мағжан Жұмабаев атындағы Халықаралық жоғары колледж президенті Жомарт Қошқарбаев қол қойды.

IMG-20261001-WA0216_edit_377591509851010

Меморандум аясында 2027-2028 оқу жылына Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік осал санаттарына жататын жастарға 10 білім грантын бөлу туралы келісімге қол жеткізілді.

Гранттар колледжде жүзеге асырылатын түрлі білім беру бағдарламалары бойынша ұсынылады. Үміткерлерді іріктеу тәртібі, білім беру бағдарламалары, гранттарды бөлу және өзге де талаптар тараптардың келісімімен қосымша айқындалады.

Жобаның негізгі мақсаты – әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін жастардың кәсіптік білім алуына мүмкіндік жасау, олардың білімге қолжетімділігін арттыру және болашақ мамандығын таңдауға қолдау көрсету.

«Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауржан Бектұрған білім беру саласындағы мұндай бастамалардың жастардың болашағына тікелей әсер ететінін атап өтті.

«Жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан жастар үшін білім гранты — үлкен мүмкіндік. Біздің мақсатымыз – жастарға нақты қолдау көрсетіп, олардың кәсіби білім алуына және болашақта қоғамның белсенді мүшесі ретінде қалыптасуына мүмкіндік беру», – деді Бауржан Бектұрған.

Меморандум аясындағы ынтымақтастық тек грант бөлумен шектелмейді. Тараптар жастарды кәсіптік бағдарлау, кәсіби білім беруді насихаттау, жастар бастамаларын қолдау және білім беру жобаларын бірлесіп жүзеге асыру бағыттарында да жұмыс жүргізуді көздеп отыр.

Өз кезегінде колледж тарапынан грант иегерлеріне келісілген білім беру бағдарламалары бойынша оқу мүмкіндігі ұсынылып, білім алушыларға қажетті ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіледі.

Мағжан Жұмабаев атындағы Халықаралық жоғары колледж президенті Жомарт Қасымханұлы республика бойынша бұл ұсынысты неліктен Батыс Қазақстан облысына ұсынғаны туралы кеңінен тоқталып өтті.

- Батыс өңірі — еліміздің тарихы бастау алатын мекен. "Тұңғыштар мекені" бекер айтылмаса керек, еліміз бойынша ең бірінші банк системасы да, кино әлемі де осы өңір арқылы бастау алды. Айта берсе, әрине көп. Ұстаздар күніне орай, сонымен қатар Жоғары білім беру қызметкерлерінің күніне орай студенттерімізге қолдау ретінде осындай бастаманы қолға алып, "Әділет" партиясының Батыс Қазақстан облысындағы өңірлік филиалына қолқа салған болатынбыз. Ұсынысымызды қабыл алғандарыңызға алғыс білдіреміз. Бұл акцияны барлық облыста жалғастырып, жылдан-жылға грант санын көбейтеміз деген жоспар бар, - деді колледж басшысы.

IMG-20261001-WA0215_edit_377585375501481

Жалпы, бастама әлеуметтік жағдайына байланысты білім алуда қосымша қолдауды қажет ететін жастарға жаңа мүмкіндік беріп, олардың кәсіби маман ретінде қалыптасуына жол ашуға бағытталған.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале