1.10.2026, 21:30
Оқылды: 82

«Ардагерлерді ардақтайық»: Оралда жалғызбасты зейнеткерге көмек көрсетілді

Оралда «Әділет» партиясының белсенділері жалғызбасты зейнеткерге көмек көрсетті, деп хабарлайды партияның облыстық филиал баспасөз қызметі.

IMG-20261001-WA0217_edit_377579126744296

Фото:  «Әділет» партиясы БҚОФ баспасөз қызметі

Бұл – Халықаралық қарттар күні қарсаңында еліміздің барлық өңірін қамтыған «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында жүзеге асырылған шаралардың бірі.

«Әділет» партиясының жастар қанаты ұйымдастырған акцияға 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладағы 2 мыңға жуық жас қатысты. Белсенділер ардагерлердің, жалғызбасты қарттардың және қарттар үйлерінің тұрғындарының жағдайымен танысып, оларға тұрмыстық және әлеуметтік қолдау көрсетті. Жалпы акция аясында 600-ден астам аға буын өкілі қамтылды.

Бастаманың негізгі мақсаты – қарттарға бір реттік көмек көрсетумен шектелмей, оларға тұрақты түрде көңіл бөлу, өмірлік тәжірибесін жастарға жеткізу және ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

Акция барысында жастар ардагерлер мен еңбек өкілдерінің үйлеріне барып, аула тазалау, тұрмыстық жұмыстарға көмектесу сияқты күнделікті шаруаларға қолғабыс етті. Сондай-ақ аға буын өкілдерімен кездесулер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Орал қаласында партия өкілдері денсаулық жағдайына байланысты еңбекке жарамсыз болып қалған жалғызбасты зейнеткер Ирина Просвиринаға арнайы барып, Халықаралық қарттар күнімен құттықтады.

79 жастағы Ирина Просвирина ұзақ жыл бойы көлік саласында диспетчер-инженер болып еңбек еткен. Қазір жалғыз тұратын зейнеткерге тұрмыстық жұмыстарды атқаруда партия белсенділері мен жастар тұрақты түрде көмектесіп келеді. Атап айтқанда, «Жастар рухының» белсенділері ауласын тазалап, қыс мезгілінде қар күреу сияқты жұмыстарға қолғабыс етеді.

«Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Бауржан Бектұрғанның айтуынша, өңірде әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың арнайы тізімі жасақталған.

«Тізімде шамамен 56 адам бар. Соларға біздің әріптестер барып, үйлеріне көмектесіп, қажетті заттарын алып беріп жатыр. Бұдан бөлек, үй-жайын жинастыру секілді жұмыстарға да көмектесеміз. Біздің жас студенттер келіп, партияластарымызбен бірге қолдау көрсетіп жатыр», – деді Бауржан Бектұрған.

Партия жастар қанатының мәліметінше, осы уақытқа дейін еліміз бойынша 2 мыңға жуық қартқа атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысында 100-ден астам қарияның үйіне барып, тұрмыстық және әлеуметтік қолдау көрсетілді.

Акция аясындағы кездесулерде аға буын өкілдері жастарға өздерінің өмір жолы, еңбек тәжірибесі мен естеліктері туралы айтып, кейінгі ұрпаққа маңызды құндылықтарды жеткізді. Әңгімелер еңбекқорлық, жауапкершілік, білім, үлкенге құрмет және өмірлік тәжірибені кейінгі буынға табыстау тақырыптарына арналды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы Халықаралық қарттар күнімен ғана шектелмейді. Жыл бойы еліміздің өңірлерінде қарттармен кездесулер, атаулы көмек көрсету және бірлескен әлеуметтік бастамалар жалғаса береді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале