«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары М.Абдулов бастаған сала мамандары Тасқала ауданында болды. Аудан әкімі С.Әлиевтің төрағалығымен өткен жиынға ауылшаруашылық бөлімінің мамандары, агроқұрылым басшылары, ауылдық округ әкімдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Бірінші болып мінбеге көтерілген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы А.Есполов ауыл шаруашылығы саласына субсидия төлеудің жаңа ережелері қабылданғанын айтты.
- Осы жылдың 27 қаңтарынан бастап ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бірқатар өзгерістер енгізілді. Былтырғы жылдың өзінде облыстық бюджеттен 4 млрд. теңге бөлініп, соның 212 млн. теңге Тасқала ауданына бөлінген. Асыл тұқымды мал шаруашылығын селекциялық асылдандыру бағыты бойынша өткен жылы бір аналық баламасына он сегіз мың теңге төленген болса, биылдан бастап он мың теңге төленеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау мақсатында малды бордақылап тапсырғаны үшін мал басына 20 мың теңге төлеу қарастырылып отыр, - деді А.Есполов.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалының несие бөлімінің басшысы А.Ахметов үкімет ұсынған бағдарламаларды тілге тиек етті.
– «Береке» бағдарламасы арқылы 6 пайызбен төрт жыл жарымға дейін несие алуға болады. Мал шаруашылығымен енді айналысып жатқандарға 4 млн.теңге, он екі айдан астам малды бордақылаумен айналысып келе жатқан шаруа қожалыққа 4 млн-нан жоғары несие беріледі. Одан кейін «Ырыс» бағдарламасы бар. Аталған бағдарламада 6 пайызбен 85 млн. теңге ге дейін он жылға несие ала алады. Ал «Бірлік» арқылы төрт жарым жылға 7 млн. теңге көлемінде несие алуға болады. Алайда аталмыш бағдарламалардан несие алу үшін міндетті түрде кепілдік болуы керек, - деді ол өз сөзінде.
Сондай-ақ семинар-кеңес барысында сала мамандары ауыл шаруашылығын одан әрі дамытудың тиімді тетіктерін айтып өтіп, қатысушылар жолдаған сұрақтарға жауап берді.
Е.ЕЛЕКЕНОВ
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz