2.10.2026, 11:25
Оқылды: 60

Бөкей тарихын түгендеп, тарихын тарқатқан үш кітап

Бөкей хандығының 225 жылдығына орай Хан ордасы ауылындағы мәдениет үйінде тарихи-танымдық мәні зор үш кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

IMG-20261002-WA0051
Біріншісі, академик Тұяқбай Рысбековтың «Нарын құмы – тарихтың шежіресі» кітабының екінші басылымы. Еңбекте Нарын өңірінің табиғаты, тарихы, елдік жолы, тарихи тұлғалары мен мәдени мұрасы кеңінен қамтылған. Нарынның қазақ тарихындағы орны мен аймақтың өзіндік ерекшеліктері ғылыми тұрғыдан зерделенген.

IMG-20261002-WA0040
Екінші басылым – Хан ордасы тарихи-музей қорығы қызметкерлері жинақтаған «Архив құжаттарындағы Бөкей ордасының тарихы» атты ғылыми еңбек. Жинаққа мұрағаттарда сақталған Бөкей ордасы ауданы туралы тарихи құжаттар, ресми хаттар, деректер мен фотоматериалдар енгізілген. Бұл еңбек арқылы Бөкей ордасының қоғамдық-саяси өміріне қатысты бұрын көпшілікке беймәлім болып келген тың деректермен танысуға мол мүмкіндік.
Ал үшінші еңбек – «Бөкей ордасы ауданының энциклопедиясы» атты басылымның үшінші шығарылымы. Энциклопедияда ауданның өткені мен бүгіні, елге танымал тұлғалары, тарихи орындары, мәдениеті мен әлеуметтік дамуына қатысты мәліметтер жүйеленген. Өлке тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізуде мұндай жинақтардың маңызы айрықша.

IMG-20261002-WA0050
Кітаптардың тұсаукесер рәсімінде аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, Батыс Қазақстан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Мақсот Берген, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр сөз сөйлеп, жаңа басылымдардың тарихи-танымдық маңызына тоқталды.

WhatsApp Image 2026-10-02 at 12.24.12
«Архив құжаттарындағы Бөкей ордасының тарихы» еңбегінің тұсаукесер рәсімін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен Бөкей ордасы ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Нұрлыбек Бірманов атқарды.

WhatsApp Image 2026-10-02 at 12.24.12 (2)
«Нарын құмы – тарихтың шежіресі» кітабының тұсаукесерін филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр мен Бөкей ордасы ауданының Құрметті азаматы, мәдениет саласының ардагері Айдар Батырханов жасады.
Ал «Бөкей ордасы ауданының энциклопедиясының» лентасын Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Мақсот Берген қиды.
Тарих – ұлттың өткені ғана емес, ұрпаққа аманат етілген рухани қазына. Ал оны жинақтап, жүйелеп, кейінгі буынға жеткізудің бір жолы – тағылымды еңбектер мен құнды кітаптар шығару.
Бөкей хандығының 225 жылдығы аясында жарық көрген бұл үш басылым – өлке тарихын терең танып-білуге жол ашатын маңызды еңбектер. Кітаптардағы құнды деректер мен тарихи мәліметтер Бөкей ордасының бай шежіресін кейінгі ұрпаққа жеткізуге қызмет етпек.

 

Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале