Бөкей ордасының 225 жылдығына арналған ауқымды «Хан жәрмеңкесі» аясында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтіп, бақ сынасқан палуандар мен толағайлардың есімдері анықталды.

Фото: Әділет Абдиров
Тартысты бәсекеде 74 келі салмақтағы өгіз палуандар арасында Бекжан Ғалымжан топ жарып, І орынды иеленді (ІІ орын — Ахмет Шүйншалиев, ІІІ орын — Миржан Қабдулқақов).
Ал түйе палуандар бәсекесінде Орал қаласының намысын қорғаған Елнар Шынболатұлына тең келер ешкім болмады.

Білектілер сынға түскен арқан тартыста Қазталов ауданы Көктерек ауылының командасы жеңімпаз атанып, жүлделі ІІ орынды Тереңкөл ауылының жігіттері, ал ІІІ орынды Жәнібек ауданы Ақоба ауылының командасы өзара бөлісті.

Сондай-ақ сегіз жігіт қатысқан қой көтеру сайысында салмағы 35 келі қапты 88 рет басынан асыра көтерген Ерасыл Бақыт фестивальдің «Толағайы» атанып, бас жүлдені жеңіп алды (ІІ орын — Мирас Жакин, ІІІ орын — Кенжебек Тәженов).
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы