3.10.2026, 20:45
Оқылды: 2

Күш атасын танытқан дода немесе білектіге бәсеке, мықтыға марапат

Бөкей ордасының тойында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, білекті де жүректі азаматтар өзара бақ сынады.

IMG-20261003-WA0111

Фото: Мәди Салық

Палуандар белдесіп, жігіттер арқан тартып, күш сынасса, қой көтеру сайысында нағыз Толағайлар анықталды.

74 келі салмақтағы өгіз палуандар бәсекесінде Бекжан Ғалымжан қарсыластарының бәрінен басым түсіп, І орынды иеленді. ІІ орын Ахмет Шүйіншәлиевке бұйырса, Миржан Қабдулқақов ІІІ орынға тұрақтады.

Ал түйе палуандар арасындағы бәсекеде Орал қаласының намысын қорғаған Елнар Шынболатұлы үздік шықты. Қарсыластарына дес бермеген палуан жарыстың жеңімпазы атанды.

Күш пен ептілікті қатар талап ететін арқан тартыс сайысында да тартысты бәсеке өрбіді. Білектілердің бабы мен бағы сыналған додада Казталов ауданы Көктерек ауылының командасы І орынды ешкімге бермей, жеңіс тұғырынан көрінді. ІІ орын осы ауданның Тереңкөл ауылының жігіттеріне бұйырды. Ал үздік үштікті Жәнібек ауданының Ақоба ауылының командасы түйіндеді.

Сайыстың ең қызықты кезеңдерінің бірі қой көтеру бәсекесі болды. Бұл додада сегіз жігіт күш сынасты. Қатысушылар салмағы 35 келі болатын ауыр қапты белгіленген тәртіп бойынша неғұрлым көп көтеру арқылы өздерінің күш-қайратын байқатты.

IMG-20261003-WA0065

Нәтижесінде 35 келілік қапты 88 рет басынан асыра көтерген Ерасыл Бақыт өзгелерден оқ бойы озып, фестивальдің «Толағайы» атанды. Ол І орынға лайық деп танылды. ІІ орынды ауыр қапты 73 рет көтерген Мирас Жакин иеленді. Ал 66 рет көтеріп, үздік үштікті түйіндеген Кенжебек Тәженов ІІІ орынға табан тіреді.

Ұлттық спорт – ұлттың рухын көтеріп, жас ұрпақты күштілікке, ептілікке, төзімділікке тәрбиелейтін тағылымды өнер. Бұл жолғы бәсекеде де азаматтардың жігері мен қайраты сыналып, жеңімпаздар өздерінің мықтылығын дәлелдеді.

Гүлсезім Бияшева, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале