Қазталов ауданында Ұстаздар күніне орай «Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі» атты салтанатты шара өтті.

Ұлағатты мамандық иелеріне құрмет көрсетілген тағылымды кешке аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Джангереева, ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер қатысты.
Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы сала мамандарын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі» деп атап өтті. Бұл – ұстаз еңбегінің қоғамдағы орны мен ел болашағын қалыптастырудағы айрықша маңызын айқындайтын терең ой. Ауданымыздың білім беру саласында да нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Мектептерімізде шәкірттердің сапалы білім алуына, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасалуда. Бұл ретте ұстаздарымыздың тынымсыз еңбегін ерекше атап өткім келеді. Сіздер ауыл баласының білімге деген талабын оятып, талай шәкіртті үлкен өмірге қанаттандырып келесіздер. Ауданымыздың әр жылдардағы жетістіктерінің артында ұстаздың еңбегі, шәкірттің талпынысы мен ата-ананың сенімі тұр, — деді аудан әкімі.
Салтанатты кеште білім мен тәрбие саласында еселі еңбек етіп жүрген ұстаздарға құрмет көрсетіліп, бірқатар педагогтерге мемлекеттік және ведомстволық, облыстық және аудандық марапаттар табысталды.
Алдымен Жаңажол жалпы орта білім беретін мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сансызбай Төлегенов Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Қазақстан Республикасында бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Білім беру жүйесін дамыту ісіне елеулі үлес қосқаны үшін Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» Ғали Бегалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің мектепалды сыныбының тәрбиешісі Гүлжан Сисенова, Талдыапан жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жарқынай Муфтахиева, Мәжит Жүнісов атындағы негізгі орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия Төлегенова, Кенжебек Меңдалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ләззат Абилова, Қараөзен мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Венера Байжанова, Бостандық жалпы орта білім беретін мектебінің математика пәнінің мұғалімі Жеңіс Ибатов, бастауыш сынып мұғалімі Лора Тасболатова, Нүпи Дүйсенғалиев атындағы негізгі орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Жакина, Ғиният Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің химия және биология пәндерінің мұғалімі Самал Сұлтанова, Жаңатаң негізгі орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айсәуле Садықова, Казталов мектеп-лицейінің химия пәнінің мұғалімі Абзал Гизатуллин, Әбіш негізгі орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Қарлығаш Улмесекова, Ғұмар Қараш атындағы мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Күләш Изимова, бастауыш сынып мұғалімі Бибіжан Мажитова, Қоныс жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Иманғалиева, Қарасу жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Дүйсенғалиева, Ғиният Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрғаным Ахметова, Кенжебек Меңдалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің биология пәнінің мұғалімі Дина Науханова, Ақпәтер жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Мейрамгүл Құсайынова марапатталды.

Сондай-ақ бірқатар ұстазға аудан әкімінің алғысхаты табысталды. Олардың қатарында Ахмедияр Хұсайынов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің әлеуметтік педагогі Назгүл Төлеуова, Сарықұдық негізгі орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Раушан Құмарғалиева, Сүлеймен Есетов атындағы мектеп-бөбекжай кешенінің тәрбиешісі Жангүлім Мұхатова, Қоныс жалпы орта білім беретін мектебінің география пәнінің мұғалімі Асылан Ерекешов, Көктерек жалпы орта білім беретін мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Сағадат Мырзахметов, Жаңажол жалпы орта білім беретін мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Руслан Рамазанов, Бірік жалпы орта білім беретін мектебінің математика пәнінің мұғалімі Тәттігүл Карабалина, Тереңкөл мектеп-бөбекжай кешенінің тәрбиешісі Айгерім Жұмашева, Ғиният Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Арнагүл Нығметжанова, Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің математика пәнінің мұғалімі Тоғжан Қабашева бар.
Мерекелік шара барысында Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының алғысхатымен, білім беру жүйесін дамыту ісіне елеулі үлес қосқаны үшін Қазталов ауданының білім беру бөлімінің Құрмет грамотасымен де бірқатар ұстаз марапатталды.
Марапаттау рәсімімен қатар кештің мазмұнын байытқан концерттік бағдарлама көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. «Шаттық» бишілер ансамблінің «Сылқым» биі, балабақша бүлдіршіндері мен тәрбиешілерінің «Балабақшам – бақ-мекенім» әні, Қазталов мектеп-лицейі оқушыларының «Менің ұстазым...» атты тағылымды қойылымы көпшілік ықыласына бөленді.

«Ұстазға тағзым» атты мәдениет үйінің қойылымы ұстаз еңбегінің қадірін сахна тілімен жеткізсе, жас мамандардың орындауындағы «Ауылым» әні туған жерге деген сағыныш пен ауылға деген сүйіспеншілікті әуезді әуенмен өрнектеді. Сонымен бірге балалар хоры мен өнерпаздардың орындауындағы музыкалық шығармалар, этно-фольклорлық ансамбльдің өнері кештің көркін аша түсті.

Салтанатты жиында ауыл мектебінің тыныс-тіршілігіне де ерекше мән берілді. Өйткені ұстаз – ауылдың әлеуметтік және рухани өмірінің бел ортасында жүретін тұлға. Ауылға білімді жастардың келуі, жас мамандардың орнығуы – елді мекендердің келешегі үшін маңызды.
Осы ретте кеш барысында «Қаладан – ауылға» бағдарламасы мен «Дипломмен – ауылға!» жобасының маңызы атап өтілді. 2024-2026 жылдар аралығында «Қаладан – ауылға» жобасы аясында ауданның 16 елді мекеніне 54 отбасы, 287 адам қоныс аударған. Ал биылғы оқу жылында білім беру саласына 40 жас маман келіп, жұмысқа орналасқан. Бұл ауыл мектебінің ұстазға ғана емес, елдің ертеңіне жауапты үлкен орта екенін көрсетеді.
Ұстаздың еңбегі бір күндік марапатпен өлшенбейді. Оның шынайы бағасы – шәкіртінің жетістігі, елге қызмет еткен азаматтардың өмір жолы, қоғамның кемелденуі. Бүгінгі ұстаздың айтқан әрбір сөзі, берген әрбір сабағы – ертеңгі елдің болмысына салынған инвестиция.

Мерекелік кештен соң аудан әкімінің атынан ардагер ұстаздарға мерекелік дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Қазталов ауданы