Жапонияның Айчи-Нагоя қалаларында өткен ХХ жазғы Азия ойындарында ел қоржынына қола жүлдеге салған Зейнеп Баянова туған жері Оралға келді.

Фото: БҚО спорт басқармасы
Жас спортшыны әуежайдан Жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Кенжебек Күзембаев, Батыс Қазақстан облысы күрес федерациясының атқарушы директоры Рамадан Маратұлы, спорт жанкүйерлері, достары мен туыстары зор қошеметпен қарсы алды.
Зейнептің бұл жүлдесі – Батыс Қазақстан спорты үшін айтулы жетістіктің бірі.
– Зейнепті бүгінгі үлкен жетістігімен шын жүректен құттықтаймын. Азия ойындарында ел намысын қорғау – кез келген спортшы үшін үлкен жауапкершілік. Ол осы сенімді абыроймен ақтап, қола жүлдемен елге оралды. Бұл – Зейнептің ғана емес, оның ата-анасының, бапкерлерінің және барша спорт саласының еңбегі. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырып, халықаралық жарыстарда көк Туымызды көкке көтере беруіне тілектеспін, - деді Кенжебек Күзембаев.
Зейнепті туған жеріне оралуымен құттықтаған Рамадан Маратұлы Азия ойындарының жүлдегері атану үлкен жетістік екенін айтып, оның артында талай жылдық еңбек, тынымсыз жаттығу және бапкерлердің еңбегі тұрғанын атап өтті.
- Бүгін Зейнепті күтіп алған жанкүйерлердің көптігі оның елге сыйлы екенін көрсетеді. Бұл жүлде өңірдегі жас спортшыларға да үлкен мотивация береді деп ойлаймын. Зейнепке алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз. Бұйырса, келесі жолы жүлденің ең биігінен көрінетініне сенеміз, - деді ол.

Үлкен қошеметпен қарсы алған жанкүйерлерге алғысын білдірген Зейнеп туған жерге жүлдемен оралу өте қуанышты әрі ерекше сезім екенін айтты.
- Азия ойындарында ел намысын қорғау оңай болған жоқ. Бар күшімді салып, жеңіске жетуге тырыстым. Қолдау көрсеткен ата-анама, бапкерлеріме, достарыма және барша жанкүйерлерге алғысым шексіз. Бұл қола – мен үшін үлкен тәжірибе. Алдағы жарыстарда бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын, - деді спортшы.

Туған жердің ыстық ықыласы – спортшыға жаңа жеңістерге бастар үлкен күш. Ал Зейнептің Азия төріндегі қоласы – Орал спортының қоржынына қосылған тағы бір қымбат жүлде.
Сымбат Талғатқызы,
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы