7.10.2026, 12:45
Оқылды: 8

Бөрлі аудандық ауруханасын жаңғырту жобасының дайындығы 90%-ға жетті

Батыс Қазақстан облысында көпбейінді ауданаралық аурухана мәртебесін алуға дайындалып жатқан Бөрлі аудандық ауруханасын дамыту жобасы жалғасуда. Қазіргі таңда жобаның жалпы дайындығы 90%-ды құрайды.

8522082c-6aa0-4d22-9bff-eacf452ca766

Аурухана аумағында жалпы ауданы 8 мың шаршы метр болатын жаңа нысандардың құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 4 млрд 526,17 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталды, оларды 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Жоба аясында перзентхана бөлімшесін кеңейту, клиникалық-диагностикалық бөлімше ашу, кардиология және травматология бағыттарын дамыту, сондай-ақ реанимациядағы төсек-орын санын арттыру көзделген.

2f547d8b-db19-4b96-9c5d-77f2a96a3f4d
Аурухананың диагностикалық мүмкіндіктері де айтарлықтай кеңейеді. Мұнда МРТ аппараты мен ангиограф орнату жоспарланған. Жаңа жабдықтар ауданаралық деңгейде диагностикалық зерттеулердің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.

11f42dc5-2481-44b4-960f-88568ed69896
Жаңа мәртебе алғаннан кейін аурухана Бөрлі, Сырым, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарының тұрғындарына медициналық көмек көрсететін болады. Бұл тұрғындарға қажетті диагностика мен стационарлық медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар медициналық мекеменің кадрлық әлеуеті нығайтылуда. Штат саны 36,75 бірлікке ұлғайтылды. Бүгінде 19 дәрігер жұмысқа кірісті, тағы төрт маманның келуі күтілуде.

eba742cd-a6d2-44c9-8757-09c081604775

Бөрлі аудандық ауруханасын жаңғырту оның базасында заманауи диагностикалық мүмкіндіктері мен мамандандырылған медициналық көмек бағыттары кеңейтілген көпбейінді ауданаралық медициналық орталық қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба аяқталғаннан кейін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі Батыс Қазақстан облысының төрт ауданының тұрғындары үшін арта түседі.

БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале