Ауылдарда кәсіп бастауға ниет еткен жанға қолдау көрсетілсе, еңбектің берекесі де еселене түсері сөзсіз. Бөрлі ауылына барған сапарымызда «Батыс Агро Хаб» жобасының көмегімен жылыжай кәсібін қолға алған бөрлілік Данияр Зайнуллиннің жылыжайына арнайы соқтық.

Ол «Батыс агро хаб» жобасына қатысып, екінші лекке жолдама алған. Жоба аясында олардың ауласына жылыжай салынып, қажетті тұқым мен құрылыс материалдары жеткізілген.
– Жұбайым Данияр «Батыс Агро Хаб» жобасына қатысып, жоба-жоспарын сәтті қорғап шықты. Бізге жылыжай кешенін салып берді. Бұл – біз үшін үлкен көмек. Қажетті тұқымды да, құрылыс материалдарын да табыстады. Дәл қазір ауылда шарбақта өсірген қияр біте келді. Ал біздің жылыжайда қияр әлі өсіп жатыр. Күніне 30-40 келі қияр жинаймыз, – дейді отанасы Құралай Зайнуллина.
Жылыжайда қияр өсірумен қатар, бос қалған жерді де тиімді пайдалануға көңіл бөлген Құралай Зайнуллина салат жапырағы мен руколланы да өсіріп, сатуда. Алғашқы жинаған өнім шамамен 100 келі болған. Жаздың басында жиналған алғашқы өнімді өткізу оңай болмағанымен, отбасы тәжірибе жинақтай келе, өнімді тұрақты түрде сатудың жолын тапқан.
– Бірінші рет шамамен 100 келідей қияр алдық. Жаздың басы болатын. Алғашқы өнімді дұрыс сата алмадық, туыстарымызға аздап өткіздік. Кейін біртіндеп жолын таптық. Қазір күніне 30-40 келідей өнім алып отырмыз. Бір келісін 600 теңгеден сатамыз. Дүкендер де алып жатыр, көбіне 5-10 келіден алады, – дейді кәсіп иесі.

Ауылдағы жылыжайдың тағы бір ерекшелігі – өнімнің маусымдық сұранысты дер кезінде өтеуі. Жаз кезінде ауыл тұрғындарының көбі қиярды өз ауласында өсіргенімен, маусым аяқталған соң бұл өнімге деген сұраныс арта түседі. Отбасы жылыжайдан қыста өнім алуды әзірге жоспарлап отырған жоқ. Негізгі мақсат – көктемде жұмысты ерте бастап, маусымды тиім-ді пайдалану.
– Алла бұйырса, алдағы көктемде ертерек бастап, өнім алуға тырысамыз. Дәл қазіргі уақытта халықта қияр азайып барады, ал бізде бар. Жазда адамдар өз шарбағында өсіреді ғой. Сондықтан қазан айының аяғына дейін, күн жылы болса, қараша айында да өнім беруі мүмкін. Бірақ күтімі оңай емес. Жылыжайды үнемі желдетіп тұру керек, қиярға уақытында су шашып, жағдайын бақылау қажет, – дейді ол.
Кәсіптің қызығы мен шыжығын отбасы мүшелері бірлесе көтеріп келеді. Бес баланың анасы үшін бұл жоба тек табыс көзі ғана емес, балаларын еңбекке баулудың да жақсы мүмкіндігіне айналған. Кәсіп иелерінің балалары қиярды суару, баптау, арамшөптерді жұлу секілді жұмыстарға қолғабыс етеді. Осылайша жылыжайдағы еңбек отбасының ортақ ісіне айналған.
– Өзім көпбалалы анамын. Жылыжайды күтіп, баптауға бес балам да көмектеседі. Балаларымның еңбекке ерте араласқанына қуанамын. Олар кішкентайынан еңбектің қадірін түсініп өседі, – деді ол.
Жылыжайда өсірілген дәмді қиярды өткізудің тағы бір мүмкіндігі – әр сенбі сайын Ақсай қаласында ұйымдастырылатын жәрмеңкелер. Отбасы өз өнімдерін сенбі күндері өтетін жәрмеңкеге апарып, тұтынушыға тікелей сатуға ниетті. Бұл – ауыл кәсіпкерлері үшін өнімін нарыққа шығарудың тиімді жолдарының бірі.
Жылыжай кәсібі отбасыға табыс әкелумен қатар, алдағы жоспарларға да жол ашып отыр. Кәсіп иелері бұл жұмысты одан әрі дамытуды көздейді.
– Келесі жылы да осы кәсіпті бұдан әрі дамытқымыз келеді. Биыл бірінші жыл болғандықтан жылыжайдың қыр-сырын енді түсініп жатырмыз. Осындай кәсіп бастауымызға мүмкіндік берген «Батыс-АгроХаб» ұйымдастырушыларына алғыс айтамыз. Көпбалалы отбасы ретінде бұл бізге көрсетілген үлкен қолдау болды, – дейді Құралай Зайнуллина.

Шап-шағын жылыжай жылылыққа толы. Қияр, салат жапырақтары, руколла самсап өсіп тұр. Бір түп қиярдан басталған жұмыс көпбалалы отбасының күнделікті тіршілігіне береке кіргізіп, балаларды еңбекке баулитын кәсіпке айналғанын көзбен көріп, көңіліміз өсіп қайтты.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»,
Бөрлі – Орал