Бүгін Бөкей ордасы ауданында ҚР Ішкі істер органдарының құрметті ардагері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, профессор, құқықтану доценті, генерал-майор Талап Қабденов атажұртына, қасиетті Нарын топырағына арнайы келді.

Ол аудан тарихында есімі қалған Социалистік Еңбек Ері Қабден Темірғалиевтің ұлы. Генерал атажұртына жалғыз келмепті, жұбайы Ғалия, қарындастары Гүлбаршын мен Айманды, немересі Жәңгірханды ертіп келіпті. Талап Қабденов қазақ даласындағы тұңғыш білім ордасы Жәңгір хан мектебінде болып, Бөкей елінің бүгінгі жас буынымен кездесті.

Өмір жолы өнегеге, елге қызметі еңбекке толы Талап Қабденұлының кәсіби жолы — жас ұрпақ үшін үлкен мектеп. Ол ішкі істер саласында ғана емес, білім беру, құқықтану, басқару және қоғамдық қызмет бағыттарында да мол тәжірибе жинақтаған.

Тағылымды кездесуімізге ауыл тұрғындары, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, мекеме қызметкерлері мен ұстаздар қауымы және оқушылар қатысты.

Кеш соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Исатай Құрмашев аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың атынан генералдың иығына шапан жауып, меймандарға сый-сияпат пен құрмет көрсетті.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы
