9.10.2026, 14:30
Оқылды: 13

Шыңғырлауда білім саласының үздіктері марапатқа ие болды

Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев білім беру саласында еселі еңбек еткен зейнеткер ұстаз бен білім нәрімен бастауыштан сусындатып жүрген мұғалімді қабылдап, кәсіби жетістіктерімен құттықтады. Кездесу барысында ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып, шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беруді өмірлік мұратына айналдырған педагогтердің еңбегі ерекше аталып өтті.

image-09-10-26-01-53

Ұстаз ұлт болашағын қалыптастыратын, жас ұрпақтың бойына білім мен ізгілік дәнін себетін ардақты мамандық иесі. Осы жолда ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет етіп, білім беру саласының дамуына үлес қосқан ардагер ұстаз Кітабия Абдугазиева Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Бұл оның жылдар бойғы табанды еңбегіне, ұстаздық жолдағы адалдығы мен кәсіби шеберлігіне берілген лайықты баға.
Сондай-ақ Л. Қылышев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Күнжан Танбаева облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің Алғыс хатына ие болды. Ол шәкірттерінің бойына білім нәрін сіңіріп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға, сыни тұрғыдан ойлауына, ұлттық құндылықтарды бойына дарытуға бағытталған ізденісті еңбегімен ерекшеленіп келеді. Педагогтің басты мақсаты заман талабына сай білімді, ойы озық, шығармашыл әрі ұлттық рухы берік тұлға тәрбиелеу.

image-09-10-26-01-52
Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев ұстаздарды лайықты марапаттарымен құттықтап, білім саласындағы еңбектеріне ризашылығын білдірді. Ұстаздықтың жауапкершілігі мен қоғамдағы орнына тоқталып, жас ұрпақтың болашағы жолындағы қызметтеріне табыс, отбасыларына амандық тіледі.

image-09-10-26-01-53 (2)
Ұстаз еңбегі құрметке лайық қасиетті жол. Бүгінгі марапаттар білім беру саласына, педагогтерге көрсетілген құрмет қана емес, ұрпақ тәрбиесіне қосылған үлестің де бағалануы. Өйткені шәкірт жүрегіне жол тауып, білім мен тәрбиені қатар ұштастырған ұстаздың өнегесі уақыт өткен сайын құндылығын арттыра бермек.

 

Сара Әділ
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале