Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" атты мақаласын талқылау мақсатында М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да қала активі өтуде. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысып, еліміздің экономикалық, саяси және рухани жаңғыруына байланысты жетістіктерге тоқталды.
Өңір басшысы Елбасы ұсынған "Туған жер" бағдарламасының маңызына тоқталып, мақалада көтерілген меритократия, прагматизм тақырыптары аясында ой өрбітті.
-Елдің рухани жаңғыруы жеке адамның санасын жаңғыртудан басталады. Бұл орайда өскелең ұрпақ тарихты терең зерделеп, өткеннен үлгі ала білуі керек. Ал қазіргі заманда жан жақты білімді болуға ерекше мән беруі тиіс,- деді А.Көлгінов.
- Еліміздегі әрбір жасты "Қазақстанның рухани жаңғыруына қандай үлес қоса аламын?" -деген сұрақ толғантуы керек, - деген М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры Асхат Иманғалиев латын қарпіне көшу бағытындағы жұмыстарға өзі басқаратын білім ордасы бүгіннен бастап дайын екенін жеткізді.
Шарада сөз алған облыс әкімдігінің «Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және мемлекеттік тілді оқыту орталығы» МКҚК директоры міндетін атқарушы Болат Жексенғалиевтің айтуынша, өзге ұлт тілін игеру арқылы сол ұлттың құндылықтарына ұмтылудың қажеті жоқ. Оны тек қарым-қатынас, ақпарат құралы ретінде қабылдау керек. Ол латын қарпіне көшу мәселесіне байланысты Өзбекстандағы оң нәтижені мысалға келтірді.
Нұртас Сафуллин
zhaikpress.kz