Адам өміріне араша түсіп, науқасқа үміт сыйлау – білім мен біліктілікті ғана емес, жан жылуы мен үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Осындай ізгі міндетті арқалаған талай буын медицина қызметкерін даярлаған Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі биыл 110 жылдық мерейтойын атап өтті.

Мерейтой аясындағы алғашқы игілікті істің бірі – «Ғасырдан болашаққа» аллеясының ашылуы болды. Бұған дейін бос жатқан колледждің бір аумағы демеушілердің қолдауымен абаттандырылып, көрікті демалыс орнына айналды. Салтанатты рәсімде сала ардагерлері лента қиып, жас теректер отырғызды.
Батыс Қазақстан медициналық колледжінің директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Қ. Ирменов мерейтой аясындағы іс-шаралардың сәтті өтуіне ізгі ниетін білдірді. Медициналық колледж ғасырдан астам уақыт ішінде талай білікті маман тәрбиелеп, өңірдің денсаулық сақтау жүйесін кадрлармен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Бүгінде аудандық және облыстық ауруханаларда, емханалар мен медициналық орталықтарда еңбек етіп жүрген мыңдаған маман – осы колледждің түлектері. Олардың күнделікті қызметі, кәсіби ізденісі мен адам өміріне деген жауапкершілігі оқу орнының абыройын асқақтатып келеді.
Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов білім ордасының өңір медицинасы үшін маңызын атап өтіп, колледж жетістіктері денсаулық сақтау саласының дамуымен тығыз байланысты екенін жеткізді. Оның айтуынша, колледж бірнеше жыл қатарынан қорытынды аттестаттау нәтижесі бойынша еліміздегі 92 колледж арасында көш бастап келеді. Ал оқытушылар мен студенттердің республикалық кәсіби шеберлік байқауларында жүлделі орындарға ие болуы – жүйелі жұмыстың жемісі.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы Талғат Нұрғожин де оқу орнының тарихи миссиясына тоқталып, осы білім ордасынан шыққан білікті мамандардың медицина ғылымы мен кәсіби қауымдастықтың дамуына қосқан үлесін атап өтті.
Мерейтой аясында ұйымдастырылған «Мейіргер ісіндегі клиникалық көшбасшылық және инновация – медициналық білім дамуының 110 жылы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция іс-шараның мазмұнын тереңдете түсті.
Конференцияға еліміздің әр өңірінен келген медицина және білім беру саласының өкілдерімен қатар Ресей Федерациясы мен Қырғызстан, Тәжікстан Республикасының мамандары қатысты. Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының басшылары, ғалымдар, оқытушылар, медицина ардагерлері мен колледж түлектері бас қосқан конференция тәжірибе алмасуға, кәсіби байланысты нығайтуға және медициналық білімнің келешегін талқылауға мүмкіндік берді.
Конференцияның өзегі – мейіргер ісін дамыту, клиникалық көшбасшылықты қалыптастыру және медициналық мамандарды даярлаудың жаңа тәсілдерін жетілдіру бағытында өрбіді. Бүгінде медицина қызметкерінен тек теориялық білім мен практикалық дағды ғана емес, жылдам шешім қабылдау, цифрлық технологияларды меңгеру, кәсіби ортада тиімді әрекет ету қабілеті де талап етіледі. Осы тұрғыдан алғанда, ғылыми жиында қаралған мәселелердің маңызы зор. Себебі медициналық білім сапасы – денсаулық сақтау жүйесінің ертеңіне тікелей әсер ететін фактор.
Конференцияда денсаулық сақтауды цифрландыру мен инновациялық технологияларға қатысты баяндамаларға да басымдық берілді. Соның ішінде Ақтөбе қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы жоғары медициналық колледждің тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Баяндамашы Ғалия Таңат медициналық колледждерде орта буын мамандарын даярлауда цифрлық трансформацияның маңызын сөз етті. Оның материалында медициналық ақпараттық жүйелерді, симуляциялық жабдықтарды, виртуалды шындық технологияларын және цифрлық білім беру платформаларын оқу үдерісіне енгізудің мүмкіндікте-рі қарастырылды.
– Мәселен, медициналық ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуді үйренген студент электрондық денсаулық паспортын жүргізу, цифрлық құжаттармен жұмыс істеу және медициналық ақпаратты жүйелеу дағдыларын меңгереді. Ал заманауи симуляциялық орталықтар мен смарт-манекендер шұғыл медициналық көмек көрсету алгоритмдерін қауіпсіз ортада бірнеше рет пысықтауға мүмкіндік береді. Виртуалды шындық пен үш өлшемді анатомиялық модельдер де болашақ маманның кәсіби дайындығын жетілдіруге жол ашады. Күрделі клиникалық жағдайларды модельдеу арқылы студенттер теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, болашақ жұмысында қажет болатын дағдыларын шыңдайды. Мұндай тәсілдердің басты артықшылығы – студенттің қателіктен қорықпай үйренуіне, өз әрекетін талдауына және кәсіби сенімділігін қалыптастыруына жағдай жасау. Дегенмен технологияның тиімділігі оны оқу мақсатына сай, сауатты қолданумен өлшенеді, – дейді Ақтөбе қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы жоғары медициналық колледждің оқытушысы Ғалия Таңат.
Медициналық білім беруде жасанды интеллектіні қолдану және студенттердің дербес клиникалық пайымдау қабілетін сақтау да конференцияның тағы бір өзекті тақырыптарының бірі болды.
Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің оқытушысы Ұлан Бақытжан өз баяндамасында генеративті жасанды интеллектіні пайдаланған кезде когнитивтік жұмысты сыртқы құралға шамадан тыс берудің ықтимал тәуекелдеріне назар аударды.
– Шынында да, жасанды интеллект ақпаратты жылдам жинақтап, сұрақтарға жауап беруге және оқу материалын түсіндіруге көмектеседі. Алайда дайын жауаптың болуы сол білімнің студент санасында орныққанын немесе оның күрделі клиникалық жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатынын білдірмейді. Сондықтан болашақ медицина маманы жасанды интеллект ұсынған ақпаратты сол күйінде қабылдамай, оны тексеріп, дәлелдермен салыстырып, өз шешімін негіздей білуі керек. Бұл – жай ғана цифрлық сауаттылық емес, пациент қауіпсіздігімен тікелей байланысты кәсіби құзырет, – деп сөзін түйіндеген Ұлан Бақытжан технология адамның ойлау қабілетін алмастырмай, оны дамытуға қызмет етуі тиіс деген ой айтты.

Мерейтойлық іс-шараның салтанатты сәттерінің бірі – медицина кадрларын даярлауға және денсаулық сақтау саласын дамытуға айтулы үлес қосқан қызметкерлерді марапаттау рәсімі болды.
Колледж қызметкерлері мен сала ардагерлеріне облыс әкі-мінің Құрмет грамоталары, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері мен Құрмет грамоталары, сондай-ақ медициналық колледждер одағының және облыстық білім мен денсаулық сақтау басқармаларының марапаттары табысталды. Мерейтой аясында марапатқа ие болғандардың қатарында Мейрамгүл Болатбекова, Валентина Петренко, Нұрлы Темірәлиева, Махаббат Набиғалиева, Қанат Гупранов, Ержан Ғабайдуллинов және басқалар бар.
Бүгіндері Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжін Қамидолла Ирменов басқарып келеді. Бұл колледжде алты мамандық бойынша 1700-ден астам білім алушы кәсіби даярлықтан өтуде. Олардың сапалы білім алып, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруіне іргелі ұжым қызмет етуде.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»