20.10.2026, 16:15
Оқылды: 11

Жайыққа жаны құштар аудармашы

Орал қаласындағы Достық үйінде танымал жазушы, аудармашы-синхронист, филология ғылымдарының кандидаты және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Камал Әлпейісовамен «Қаламмен аударманы кестелеген» атты кездесу өтті.

WhatsApp Image 2026-10-13 at 13.26.21

Аталмыш іс-шараға жергілікті ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты. Достық үйінің кіреберісінде Камал Әлпейісованың өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын көрме жасақталды. «Сөзден өрілген сырлы әлем» көрмесінде аутордың «Қайтсек, ұрпақ өседі өрелі боп...», «Бақыт пен мұң», «Жүрегімде жасырған жырларым» кітаптары, «Құрмет», «Парасат» ордендері мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы марапаттары көптің назарын аударды.

Кездесу тізгінін ұстаған Айнабек Бисенғалиев Камал Әлпейісованың өмір жолы мен еңбектері туралы айтты. Кейіпкер Қостанай облысында туғанымен, оның Ақ Жайық өңіріне деген құрметі ерекше. Бұған дейін бірнеше мәрте Орал қаласында аудармашыларға арналған шеберлік сағаттарында тәжірибе бөліскен. Дегенмен Камал Әбілқасымқызының көңілі оны Жайық топырағына бала кезінен тартып тұрады. Себебі сүйікті шығармасына айналған «Қыз Жібек» жыры әрі тарихи кино түсірілген аумақ Батыс Қазақстанмен  байланысты.

– Мен тоғызыншы сынып оқып жүргенде «Қыз Жібек» киносы жарыққа шықты. Сол шақтарда «Қазақтың қызы қандай болуы керек?» деген көкөрім қыздың көкейіндегі сұрақтың жауабын Жібектің сипатталған бейнесінен анық аңғардық. Белімізден төгіліп түскен бұрымға жарастырып, оныншы сыныпта қызықтап сәукеле кидім. Бірақ бұл бас киімнің негізгі мағынасын жете түсінбегенмін. Жібектің рөлі майдай жаққаны соншалық, оны сомдаған актриса Меруерт Өтекешева туралы іздене бастадық. «Болашақта тұрмыс құрып, өмірге қыз әкелсем, атын Меруерт қоямын» деген ойымды бала арманыма қостым. Періште көңіліміз қабыл болып, қызымның есімін Меруерт деп қойдым.

Кішкентай кезімде ешкімге көрсетпей күнделігіме өлең жазатын едім. Әдебиетке қанша құштар болсам, есепке де соншалық жүйрік болдым. Оныншы сыныпта КСРО-ның Бүкілодақтық олимпиадаға математика пәнінен қатысып, жақсы нәтиже көрсеттім. Болашағымды есеп-қисаппен байланыстырған тұста  оқушылар арасында өткен «Менің елім – Қазақстан!» республикалық шығарма конкурсы бұл ойымды өзгертті. Республика бойынша екінші орын жүлдегері атанған кезімде менен сұхбат алған журналистер «Сенен мықты жазушы шығады» деген. Сөйтіп, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға тапсырдым. ҚР Парламентінде – 25, ҚР Президент Әкімшілігінде 5 жыл еңбек еттім. Менімен дидарласуға келген кей студенттер бірден топ етіп үлкен қызметке орналасудың орайын сұрайды. Жоғарыда айтқандай, еңбек жолымды газет корректоры болып бастадым. Одан кейін де талай соқпақты өткердім. Жастарға айтарым, көп кітап оқыңыздар, еңбектеніңіздер, сонда ғана белестерді бағындыра аласыздар, – деп К. Әлпейісова залға жиналған жастарға өсиетін айтты.

Сұхбат барысында кейіпкердің аударма саласындағы жетістіктері туралы әңгіме өрбіді. Камал Әбілқасымқызы проза және поэзия жанрларына да аударма жасаған. Оның айтуынша, Әбділдә Тәжібаев, Фариза Оңғарсынова, Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдері аудармашыны ерекше  әсерге бөлейтін көрінеді. Иманғали Тасмағамбетов РФ-ның Мәскеу қаласында елшілік қызметте жүргенде қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған кеш өткізеді. Сонда шырқалған әндердің экраннан орысша аудармасын көрсету қажет болған. Ұйымдастырушылар бірнеше азаматқа ұсыныс айтқанымен, олардың аудармалары көңілдерінен шықпаған. Бірде ақын Ұлықбек Есдәулет өлеңді орысша тамаша аударады деп, Камал Әлпейісованы ұсыныпты. Аудармашыға Табылдының ұлы Абыл арнайылап хабарласқанда елжірей түскен кейіпкер өлеңдерді ақысыз тәржіма жасауға келіскен екен. Сөйтіп, Табылды Досымов-тың 25 өлеңін орысшаға аударып, оны экраннан ұсынғанда жиналған көрермен әуеннің мән-мазмұнын түсініп, әсерге бөленіпті.

Іс-шарада облыстық ҚХА «Аналар кеңесінің» төрайымы Шалқыма Құрманалина, белгілі суретші Қуандық Мәдір сөз сөйлеп, кеш иесіне ақжарма  тілектерін  айтты.

Камал Әбілқасымқызы 1956 жылдың 10 наурызында Қостанай облысындағы Аманкелді ауданының «Родник» кеңшарында дүниеге келген. 1973 жылы Арқалық қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы №1 орта мектепті аяқтап, 1978 жылы Қазақ Мемлекеттік университеттің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетін тәмамдаған. Кеш кейіпкері филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, аудармашы ретінде танымал. Әсіресе еліміздегі ілеспе аударманы меңгерген алғашқы аудармашы әрі осы салаға еңбегі сіңген. Ол алғашқы еңбек жолын 1979 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің корректорлығынан бастап, 1981 жылы «Қазақстан әйелдері» журналында әдеби қызметкер болды. Кейін 1990 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Әйелдер ісі, ана мен баланы қорғау комитетінде, 1994 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі аппаратының редакциялық баспа бөлімінде консультант, ілеспе аударма секторының меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары болып қызмет еткен. Содан кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппараты редакциялық баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып жауапты қызметті абыроймен  атқарды.

Аутор шығармашылық кезеңінде «Қыз өссе, ұл есейсе», «Н. Қайыпова», «Жапырақтары жанымның», «Мағыналас мақал-мәтелдердің, қанатты сөздердің қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздігі» атты кітаптарды жарыққа шығарды. Оған қоса, белгілі фольклорист ғалым, филология ғылымдарының докторы О. Нұрмағамбетовтің еңбектерін жинап,«Өмір өрнектері» атты кітап шығарған. «Шаңырақ» энциклопедиясының материалдарын аударуға атсалысқан. Мұхтар Әуезовтің қызы Мұғамила Әуезованың «Әкем туралы» атты кітапшасын, М. Асаубаеваның өмірбаяндық хикаятын орыс тіліне аударған. Сондай-ақ орыс тіліне Махамбет өлеңдерінің жолмажол аудармасын жасаған. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шығарылған «Әлемдік саясаттану антологиясында» грек ойшылдары Демокриттің, Аристотельдің, Платонның, Сократтың, батыс ойшылдары Бенедикт Спинозаның, Джон Локктың, Паскаль Блездің жекелеген еңбектерін  аударған.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале