23.10.2026, 12:00
Оқылды: 27

Алдыңыздағы көлік кенет тежесе, бұл апаттық жағдай ма? Жол ережесінде не айтылған?

Артқы жақтағы көлік соғыла жаздаса, тежегішті кілт басуға бола ма? Ал егер жүргізуші өзге көліктің алдына шығып, оған арақашықтықты сақтауды "үйрету" үшін әдейі тежесе ше? Кәдімгі шұғыл тежеу мен апаттық жағдай туғызудың аражігі қай жерде екенін Tengri Auto материалынан оқыңыздар.

Abstract road background with tracks of tires.

Сурет: istockphoto.com

Мынадай жағдайды елестетіп көрейік: жүргізуші өз жолағымен келе жатыр, алды бос. Кенет алдындағы көлік кілт тоқтайды. Соқтығысудан аман қалу үшін тежегішті басуға, тіпті кейде көрші жолаққа шығып кетуге тура келеді.

Мұндай сәтте "ол апаттық жағдай туғызды" деу оңай.

 Бірақ заң тұрғысынан бәрі ол айтқандай оңай емес. Көлікті кілт тежеудің өзі жол жүру ережесін бұзу дегенді білдірмейді. Сонымен қатар кей жағдайларда жүргізуші жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін жылдамдықты шұғыл азайтуға міндетті. Сонда шекара қай жерде?

Апаттық жағдай дегеніміз не?

Қазақстан заңнамасында "апаттық жағдай туғызу" термині қолданылады.
ӘҚБтК-нің 606-бабына сәйкес, бұл жерде қозғалыстың басқа қатысушыларын жылдамдықты немесе қозғалыс бағытын шұғыл өзгертуге мәжбүр еткен жол жүру ережелерін бұзу туралы сөз болып отыр.

Яғни, жай ғана жол ережесін бұзу жеткіліксіз. Ереже бұзу салдарынан қозғалыстың басқа қатысушысы шұғыл әрекет етуге мәжбүр болатын жағдай туындауы керек.

Шартты түрде бұл тізбек былай көрінеді: жол ережесін бұзу – қауіптің туындауы – басқа жүргізушінің жылдамдықты немесе бағытты шұғыл өзгертуге мәжбүр болуы.

Мысалы, жүргізуші басқа көліктің алдына кенет ауысып шықты. Арттағы жүргізуші соқтығыспас үшін тежегішті басуға немесе көрші жолаққа шұғыл ауысуға мәжбүр болды. Дәлелдер болған жағдайда, мұндай жағдай апаттық жағдай туғызу ретінде қарастырылуы мүмкін.

Заң не дейді?

ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабы апаттық жағдай туғызғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырады. Бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда алты ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру көзделген.

Шұғыл тежеу - бұл ереже бұзу ма?

Жоқ. Дәл осы жерде ең көп таралған қателіктердің бірі туындайды. Жол жүру ережесінің 76-тармағы, егер жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін қажет болмаса, жүргізушіге кілт тежеуге тыйым салады. Демек, заң кілт тежеуге мүлдем тыйым салмайды. Тек ЖКО-ның алдын алу қажеттілігі болмаған жағдайда ғана олай істеуге тыйым салынады.

Мысалы, егер көлік алдына кенеттен жаяу жүргізуші шығып кетсе, жолға бір зат түссе немесе алдағы көлік қауіпке байланысты кенет тоқтаса, жүргізуші тежегішті кілт баса алады.

Бұл ретте, егер арттағы көлік осы себепті тежегішті шұғыл басуға мәжбүр болса, бұл бірінші жүргізуші апаттық жағдай туғызды дегенді білдірмейді. Ол керісінше ЖКО-ны болдырмау үшін әрекет еткен болуы мүмкін.

Ал егер жүргізуші себепсіз кілт тежесе ше?

Мұнда жағдай өзгереді. Елестетіп көріңіз: алда жол бос, ешқандай кедергі жоқ. Жүргізуші артында келе жатқан көліктің алдында тежегішті әдейі басады. Оны не үшін жасағаны маңызды емес: жүргізушіні "сабасына түсіргісі" келді ме, тым жақын келгені үшін өш алды ма, әлде жай ғана оның реакциясын тексермек болды ма. Жол жүру ережесінің 76-тармағы ЖКО-ның алдын алу қажеттілігі болмаса, мұндай кілт тежеуге тікелей тыйым салады.

Ал егер арттағы жүргізуші осының салдарынан шұғыл тежеуге немесе бағытын өзгертуге мәжбүр болса, тағы бір мәселе туындайды - ол ӘҚБтК-нің 606-бабы бойынша апаттық жағдай туғызу. Сондықтан "тормоз-чек" деп аталатын әдіс басқа жүргізушіге оның тым жақын келе жатқанын көрсетудің зиянсыз тәсілі болмауы мүмкін.

Ең басты сөз - "мәжбүр етті". Апаттық жағдайдың белгілері бар-жоғын түсіну үшін 606-баптың тұжырымына назар аудару маңызды: ереже бұзу басқа қатысушыны жылдамдықты немесе бағытты шұғыл өзгертуге мәжбүр етуі тиіс. Сондықтан "ол мені қорқытып жіберді" және "соқтығыспас үшін маған кілт тежеуге тура келді" деген жағдайлар заң тұрғысынан бірдей емес.

Мысалы: А жүргізушісі жолға кенет жүгіріп шыққан адамға байланысты кілт тежеді. Артындағы Б жүргізушісі де шұғыл тежеді. Бұл фактінің өзі А жүргізушісі апаттық жағдай туғызды дегенді білдірмейді. Оның тежеуі ЖКО-ның алдын алу қажеттілігінен туындаған.

Ал енді басқа сценарий: А жүргізушісі ешқандай қауіп болмаса да Б көлігінің алдында кілт тежеді. Б жүргізушісі соқтығыспас үшін шұғыл тежеуге мәжбүр болды.
Бұл жағдайда А жүргізушісінің іс-әрекетін негізсіз шұғыл тежеуге тыйым салу тұрғысынан және барлық белгілер болған жағдайда ӘҚБтК-нің 606-бабы бойынша бағалауға негіз бар.

Міндетті түрде ЖКО болуы керек пе?

Жоқ. Бұл - маңызды сәт. Апаттық жағдай туғызу дегеніміз ЖКО-ның алдын алу мүмкін болған, бірақ бір қатысушының әрекеті екіншісін жылдамдықты немесе бағытты шұғыл өзгертуге мәжбүр еткен жағдайды білдіреді. Мысалы: біреу жолға килікті (подрезал) – екінші жүргізуші кілт тежеді – соқтығыс болған жоқ.

Жол-көлік оқиғасының болмауы автоматты түрде ереже бұзушылық жоқ дегенді білдірмейді. Бірақ бұған кері жағдай да орынды: кілт тежеу немесе маневр жасау фактісінің өзі әлі апаттық жағдай туғызуды дәлелдемейді. Нақты эпизодтың мән-жайын анықтау қажет.

Ал егер мен жай ғана сәл тежесем ше?

Жылдамдықтың әрбір өзгеруі "апаттық" болып саналмайды. 606-бап нақты басқа қатысушының жылдамдығын немесе қозғалыс бағытын кілт өзгертуге мәжбүр болған жағдайы туралы айтады. Сондықтан, егер алдағы жүргізуші жылдамдықты біртіндеп азайтса, ал оның соңынан келе жатқан көлік жай ғана газ педальын жібере салса немесе сәл тежесе, тек осы негізде апаттық жағдай туғызды деуге болмайды.

Мүлдем басқа жағдай - бірінші көліктің іс-әрекетіне байланысты екінші көлік соқтығысуды болдырмау үшін шұғыл тежеуге немесе траекториясын кілт өзгертуге мәжбүр болған кез.

Жолды кесіп өтіп, қарсы бетке шығуға мәжбүрлесе ше? Онда не болады?

Кілт тежеу - апаттық жағдай туғызудың жалғыз жолы емес. Мысалы, жүргізуші басқа көліктің алдына тым жақын арақашықтықта ауысып түседі. Соның салдарынан екінші жүргізуші соқтығысудан қашу үшін бір жаққа кілт бұрылуға мәжбүр болады. Немесе көлік кенеттен басқа көліктің қозғалыс жолағына шығып кетіп, оған бағытын шұғыл өзгертуге тура келеді.

Мұндай жағдайларда "жолды кесіп өту" (подрезал) деген сөздің өзі емес, жүргізушінің нақты іс-әрекеттері, ЖҚЕ бұзуы және оның қозғалыстың басқа қатысушылары үшін салдары бағаланады.

Дәл апаттық жағдай болғанын қалай түсінуге болады?

Бес сұрақ қойыңыз:

  • ЖҚЕ бұзушылық болды ма?
  • Жүргізуші нақты не істеді?
  • Бұл әрекетке объективті қажеттілік болды ма? (Мысалы, ЖКО-ның алдын алу үшін кілт тежеу қажет болды ма?)
  • Басқа қатысушы не істеуге мәжбүр болды? (Ол шынымен кілт тежеді ме әлде бағытын өзгертті ме?)
  • Ол мұны дәл бірінші жүргізушінің іс-әрекетіне байланысты жасауға мәжбүр болды ма?

Егер бұл тізбек расталса, жағдай ӘҚБтК-нің 606-бабына сәйкес келуі мүмкін.

Ал егер жүргізуші жай ғана қорықса ше?

Қорқыныш сезімінің өзі әлі апаттық жағдайға тең емес. Мысалы, алдағы көлік күтпеген жерден жолақ ауыстырды, екінші жүргізуші белгі берді (сигнал), бірақ бұрынғы жылдамдықпен қозғалысын жалғастырды. Клаксон сигналының өзі апаттық жағдай жасалғанын білдірмейді.

Заң басқа нәрсе туралы айтады: қозғалыс қатысушысы жылдамдығын немесе бағытын кілт өзгертуге мәжбүр болуы тиіс. Сондықтан нақты эпизодты талдау кезінде тек қауіпті сезіну ғана емес, объективті мән-жайлар маңызды.

Мұндай жағдайларда бейнетіркегіш неге өте маңызды?

Мұндай жағдайлар сөз жүзінде жиі бірдей көрінеді. Бір жүргізуші:
"Ол менің алдымда әдейі тежеді" дейді. Екіншісі: "Алдымда қауіп болғандықтан тежедім" деп жауап береді. Тек осы екі сөйлем арқылы кімдікі дұрыс екенін анықтау мүмкін емес.

Бейнежазба жолдағы жағдайды, көліктердің орналасуын, олардың арасындағы қашықтықты, тежеу басталған сәтті, кедергінің бар-жоғын және басқа да жайттарды көруге мүмкіндік береді. Сондықтан тіркегіш жазбасы даулы жағдайды талдау кезінде үлкен маңызға ие болуы мүмкін.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале