23.10.2026, 17:45
Оқылды: 7

Клубқа қабылданушылар ант берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасампаз, Отаншыл әрі ұлтжанды    азаматтар ғана елімізді өркендете алады» деген сөзі бар. Осы орайда Оралдағы  жалпы орта білім беретін мектептегі «Ақжайық арландары» әскери-патриоттық клубы өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуге үлес қосуда.  Клубқа бастапқы әскери дайындық пәні мұғалімі Мерей Отаров жетекшілік етеді. Өткен жылы аталған клуб пен мектептен тыс жұмыс орталығы  екі жақты  меморандумға  қол қойып, оқушыларға патриоттық тәрбие беру ісінде бірлесе  жұмыстануға  келісті. 

c9c6f2b3-7161-45ab-ad5e-e496f55f0634

Жақында осы әскери-патриоттық клуб қатарына қабылданушылардың ант беру рәсімі өтті.  Салтанатты іс-шараны мектеп директоры  Самал Рахметуллина ашып, одан әрі білім ұясындағы әскери-патриоттық тәрбие бағытындағы жұмыс туралы әңгімеледі. Осындай жұмыстың нәтижесінде «Ақжайық арландары» әскери патриоттық клубы «Айбын» қалалық, облыстық және халықаралық әскери-патриоттық жастар жиындарының жеңімпаздары атанып жүр.

– Ант беру  көшпелі халықтардың ежелгі салтынан бізге жеткен құнды сарқыт деуге болады.  Яғни Отаныңа, отбасыңа, халқыңа ақтық демің қалғанша адал болу, ел басына сын сағат түссе, онда мойымай көтеру.  Халқымыз «Анттан аттағаны – ардан аттағаны» дейді.  Халқының еркіндігін сыртқы жаулардан қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр бабаларымыздың, кешегі фа-
шизмнің отын өшірген майдангер аталарымыздың аманаттаған  Отанымыздың тә-
уелсіздігін қырағы күзету – ең ұлық қызмет, мәртебе. Бүгінгі іс-шара соның айғағы болса керек, – деді қалалық мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Тілек Қуанышкереев ант қабылдаушыларды құттықтау сөзінде.

Жиында клуб мүшелерін Орал қаласының қорғаныс істер жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Бауыржан Есенеев, облыстық білім басқармасының өкілі Мирлан Нұрқанов, Орал қалалық білім бөлімінің әдіскері Бауыржан Насыров құттықтап, еліміздің көк байрағын биік ұстайтын айбынды азамат боп ержетулеріне тілеулестік  білдірді.

Іс-шара жас толқынға рух беретін әндермен өріліп отырды. Алтыншы сыныптың шәкірті Айбек Сейтінбетов  әуелеткен «Батырлар ұраны» әнін сап түзеген «Ақжайық арландары» әскери-патриоттық клубының мүшелері қосыла шырқады. Мектептің 10-11-сынып оқушылары саптық шеру құрып өтті.

Өз тілшіміз

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале