27.10.2026, 12:30
Оқылды: 5

Көшім жылқысы: жарты ғасырлық тарих және жаңа белес

 

Биыл  еліміздің  батыс  аймағында  кең  тараған  Көшім  жылқысының  асыл  тұқымды  деп  танылғанына  50  жыл  толды.  Осыған  орай  Оралдағы Жәңгір  хан  атындағы  БҚАТУ-да  «Тайбурыл»  деген  атаумен  халықаралық  ғылыми-практикалық  конференция  өтті. 

DSC01048

Өткен сенбінің таңында жылқы шаруашылығы мен оның тұқымдарын жете зерттеп жүрген ғалымдар БҚАТУ-дың бас ғимаратында жүздесті. Пленарлық отырыстан шымылдығы түріліп, кейін секциялық, қорытынды конференцияға жалғасқан жиын алдында көрме ұйымдастырылды. Оған Ақ Жайық өңіріндегі иен далаға Қамбар ата түлігін еркін көсілтіп, түрлі жылқы тұқымын дамытып, етін қазыға, сүтін қымызға айналдырған шаруашылықтар өнімдерін көптің алдына тосты.

Аталмыш ауқымды іс-шараға ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Набидолла Кикебаев, Өнімді және әмбебап бағытындағы жылқы тұқымдарының республикалық палатасының директоры Қалыбек Ырзабаев, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері әрі мемлекеттік сыйлықтың иегері, Татарстан-дағы көпсайыс федерациясының президенті Фарит Набиуллин қатысып, баяндама оқыды. Жиын тізгінін ұстаған Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың басқарма төрағасы-ректордың орынбасары, ғылым жөніндегі проректоры, профессор Әлжан Шәмшідін алыс-жақыннан арнайылап келген қонақтарға «қош келдің» айтып, конференция маңыздылығын сөзіне өзек етті. Содан кейін сөз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллинге ұсынылды. Басқарма басшысы Көшім жылқысының тарихи және генетикалық құндылығын сақтай отырып, оны қазіргі шаруашылықтың талаптарына сай дамыту ортақ міндет екенін алға тартты.

DSC01053

«Жылқы шаруашылығы мен ат спортын дамытудың өзекті мәселелері» туралы баяндама жасаған Набидолла Кикебаев жұртымыз ертеден жылқы жалын тартып мініп, оны тұрмысында кеңінен пайдаланса да, қазіргі кезде құжат жүзінде апробациядан өткен жылқы тұқымдарының өте аз екенін ортаға салды.

– Тарихымызға шолу жасасақ, 1951 жылы Қостанай, 1976 жылы Көшім, 1998 жылы Мұғалжар жылқыларының тұқымдық ерекшеліктері зерттеліп, олар ресми бағалау үдерісінен өтті. Бүгінде Адай мен Найман жылқы тұқымдарын асылдандыру жүргізілуде.

Ең алғаш 1936 жылы белгілі селекционер Матвей Борисов Көшім жылқысының асыл тұқымдық құндылығын, денсаулығын, дене бітімін және өнімділігін кешенді түрде бағалаған. Осылайша Көшім жылқысын кешенді зерттелгеніне биыл 90 жыл толды деп нық сеніммен айта аламыз. Одан кейін Юрий Барминцев, Игорь Нечаев сынды ғалымдар жылқыны жан-жақты зерттей түскен. Көшім жылқысына жарты ғасыр толғаны, тарихи еңбектің еселенуі қуантады әрине. Дегенмен заман дамып, жылдар алға жылжыған сайын жылқы тұқымының жаңа типін де орайластырғанымыз абзал. Көшім жылқысы салт мінетін, негізгі және массивті деген үш типке бөлінеді. Салт мінетін типі дене бітімі жеңіл, жүрісі ширақ, ат спортына қолданылады. Негізгі типі дене бітімі орташа, етті-сүтті қасиетімен ерекшеленеді. Массивті типі денесі ірі, сүйегі мықты және ет өнімділігі жоғары болуымен айрықша маңызға ие. Жалпы Көшім жылқысының шығу тарихы сонау 30-шы жылдармен тұспа-тұс келеді. Нақтырақ айтсақ, Қызыл әскердің тақымына тосар ат қажет-тұғын. Сөйтіп билік батыс аймақтағы бай-дәулеттілердің қорасындағы қыл-құйрықтыны еншілеп отырған. Көшім жылқысының тегі осылай қалыптасып, көпке тарала бастады. Кеңес дәуіріндегі ғалымдар мал шаруашылығына аса көңіл бөліп, селекциялық жұмыстарды жандандырғанын жасыра  алмаймыз.

Көшім жылқысының салт мінетін типі осы күндері үлкен өзгерісті қажет етеді. Көкпарға шыдамы жетпейтін, бәйгеде озып шаба алмайтын салт мінетін тип «сорайып» ескерусіз қалып бара жатқандай көрінеді.  Жаңа жылқы тұқымын шығаруға ғалымдар кемі 40 жылын сарп етеді. Ал оның шапағаты ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырады. Сондықтан бұл мәселені жылы жауып қоймай, салқынқанды шешуіміз қажет, – деді профессор Н. Кикебаев.

DSC00992

Өнімді және әмбебап бағытындағы жылқы тұқымдарының республикалық палатасының директоры Қалыбек Рзабаев Көшім жылқысының негізгі ауторлары М. Борисов, Ю. Барминцев, А. Беляев, С. Ырзабаев, Б. Ғұбашев, А. Нұрғалиев екенін айтып, өмір керуенінен көшкен ғалымдардың рухына бір минут үнсіз-дік  жариялады.

– Көшім айғырларының орташа салмағы 590, ал биелері 520 келіден төмен түспейді. Қазақ даласына бейімделген бұл жылқы тұқымының етті және сүтті бағыттағы өнімділігі жоғары. Әрі суыққа төзімділігімен және тебіндеп жайылуға бейімділігімен ерекшеленеді. Қыстың қақаған аязында да арнайы қора-жайды көп қажет етпейді.

Өнімді және әмбебап бағытындағы жылқы тұқымдарының республикалық палатасының есебіне сүйенсек, қазіргі кезде Қазақстанда Қамбар ата түлігінің саны бес миллионнан асады. Оның 31 339-ы – асыл тұқымды жылқы санатына енгізілген. Ал Ақ Жайық өңіріндегі жылқылардың жалпы саны – 380 мыңды құраса, олардың алты мың үш жүзі ғана асыл тұқымды. Жылқы тұқымын асылдандыру үшін әр шаруашылық иесі ғалымдармен етене байланыс орнатып, селекциялық жұмысты ғылыми негізде жүргізіп, тұқымдық сапаны жақсартуға бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асырғаны жөн, – деді республикалық  палатаның  директоры.

Татарстандағы көпсайыс федерациясының президенті Фарит Набиуллин қазақ жылқыларының күш-қуаты мен төзімділігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар ол қазақ және татар халықтарының ат үстіндегі дәстүрлі ойындарының өзара ұқсастығына тоқталып, қос халықтың ұлттық мәдениетінде жылқының алар орны ерекше екенін сөз етті.

Көпшіліктің қызығушылығын оятқан көрмеде жылқы еті мен тіл үйірер қазы, шипалы сусын саналатын қымыз, сондай-ақ ұлттық нақыштағы ат әбзелдері көпшілікке қолжетімді бағада ұсынылды. Біз шаруашылық иелерін әңгімеге тартып көрдік. Көшім жылқы тұқымының үйірін молайтқан Жәнібек ауданындағы «Әлем» ШҚ басшысы Ескендір Елемесов 50 жылдық селекция нәтижесінің игілігін көріп отыр. Бүгінде шаруашылықта 1200 асыл тұқымды Көшім жылқысы болса, оның 600 басы аналық екен.

– Шаруа қожалығы ауданның Ақоба ауылдық округінде орналасқан. 2023 жылы «Жәнібек» типі деген жылқының патентін алдық. Патент негізінде Заманторы және Тоскүрең атты екі айғырдың қалыптасқан генетикасы көпті қызықтырды. Біз жыл сайын жайылымдық жерлердің тапшылығы мәселесімен кездесіп келеміз. Шаруашылықта екі ғалым еңбек етеді. Алдағы уақытта Көшім асыл тұқымды жылқысын одан әрі дамытып, өнімді молайтқымыз келеді. Жылқының сусындары мен етті тағамдары өзіміздің шағын цехымызда дайындалады. Қазір Жәнібек ауданын жылқының ет-сүт өнімдерімен толық қамтудамыз. Болашақта көрші аудандар мен Орал қаласына да өнімдерімізді сатуға шығару жоспарда бар, – деді шаруашылық иесі.

«Ернұр Ж» шаруа қожалығы 2010 жылдан бері жылқы өсірумен айналысып келеді. 2015 жылы «Қазақы жабы» типті тұқымдасымен Өнімді және әмбебап бағытындағы жылқы тұқымдарының республикалық палатасына тіркелген. Шаруашылық басшысы Жанқабыл Сәтпаев бүгінде Көшім, Жабы, Мұғалжар тұқымдастарынан жаңа «Ақжайық» типін шығарып жатқанын  мәлім  етті.

– Көшім жылқысының сымбаттылығы мен көрікті бітімін, Жабы жылқысының төзімділігін және Мұғалжар жылқысының еттілік қасиетін ұштастыра отырып, жаңа жылқы тұқымын шығару жұмысын жүргізіп жатырмыз. 2026 жылдың жетінші қазанында жаңа «Ақжайық» жылқы типін ғалымдар көріп, саралап, бағасын берді. Жалпы 1300 жылқының 300 басын жаңа типтің ерекшеліктеріне сай жетілдіру жоспарлануда, – деді Ж. Сәтпаев.

Көшім жылқысының жарты ғасырлық тарихы – отандық жылқы шаруашылығының жетістігі, селекциялық еңбектің жемісі. Бүгінде асыл тұқымды жылқылардың генетикалық әлеуетін сақтап,
олардың өнімділігі мен тө-зімділігін арттыруға басымдық берілуі қажет. Бұл тұрғыда осы халықаралық жиында тізе қосқан ғалымдар мен шаруашылық иелері келер күндерде бірлесе еңбек етіп, жылқы шаруашылығын дамытып, оны келешек ұрпаққа жеткізеді  деген  сенімдеміз.

Нұрым  Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале