Республика күніне орай және «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету мақсатында ауданда жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, зияткерлік қабілетін шыңдауға бағытталған «Білімділер бәйгесі» интеллектуалдық Quiz ойыны өтті.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және «Казталов ауданы жастары» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған білім додасына сегіз команда қатысып, білім мен зердені, жылдамдық пен тапқырлықты сынға салды. Танымдық сайыс қатысушыларға өзара тәжірибе алмасып, білім деңгейін көрсетуге мүмкіндік берді.

Зияткерлік сайыстың қорытындысы бойынша үшінші орынды Казталов аудандық полиция бөлімінің командасы иеленді. Екінші орын аудандық кітапхана командасына бұйырса, бірінші орынды Казталов мектеп-лицейінің командасы жеңіп алды.


Жеңімпаз командаларға «Kitap al» кітап дүкенінің сертификаттары табысталды. Атап айтқанда, үшінші орын иегерлері 10 мың теңгелік, екінші орын иегерлері 15 мың теңгелік, ал жеңімпаз команда 25 мың теңгелік сертификатқа ие болды.

Марапаттау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Ернар Ильясов қатысып, қатысушыларды Республика күнімен құттықтады. Ол білім мен парасаттың қоғам дамуындағы маңызына тоқталып, ел болашағы саналатын жастардың ізденімпаз, білімді әрі отаншыл болып қалыптасуының маңызын атап өтті. Сондай-ақ сайыс жеңімпаздарын марапаттады.
Жайна Қабиболла
Казталов ауданы