Республика күніне орай Дариян ауылдық кітапханасы, Озерный ауылдық кітапханасы және Бәйтерек ауданының Жастар жөніндегі ресурстық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Республика – ел бірлігінің нышаны» атты интеллектуалды ойын өтті.

Іс-шара ел тарихын дәріптеу, ұлттық мерекенің мән-маңызын түсіндіру, қатысушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып, зияткерлік қабілеттерін дамыту мақсатын тұтты.
Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Интеллектуалды сайысқа ауылдағы түрлі мекемелердің командалары қатысып, білімдері мен тапқырлықтарын сынға салды. Атап айтқанда, Абай атындағы мектеп-гимназия-интернаты, Дариян жалпы орта білім беретін мектебі, М. Шолохов мемориалдық музейі, «Жұлдыз-ай» бөбекжайы және Бәйтерек аудандық №2 ауруханасының өкілдері бақ сынады.
Ойын барысында қатысушылар Қазақстан тарихы, ел тәуелсіздігі, мемлекеттік рәміздер, Республика күнінің тарихы, туған өлкенің өткені мен бүгіні және жалпы білім тақырыптары бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Әр команда өз білімін ортаға салып қана қоймай, жылдам ойлау, дұрыс шешім қабылдау және топпен бірлесе жұмыс істеу қабілеттерін көрсетті.
Білім сайысы тартысты әрі қызықты өтті. Қатысушылар арасындағы достық бәсеке шараның мазмұнын аша түсті. Сонымен қатар әртүрлі сала өкілдерінің басын қосқан кездесу өзара тәжірибе алмасуға, бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.
Шараның көркін мәдениет үйінің әншілері — «Нұр-Әділ» дуэті аша түсті. Өнерпаздар орындаған «Қазағым» әні жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Интеллектуалды ойынның қорытындысы бойынша І орын Дариян жалпы орта білім беретін мектебінің, ІІ орын Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының, ІІІ орын М. Шолохов мемориалдық музейінің командасына бұйырды. Жеңімпаздар мен қатысушыларға алғысхаттар мен сыйлықтар табысталды.
Республика күніне арналған тағылымды шара ел тарихына деген құрметті арттырып, білім мен бірліктің маңызын тағы бір мәрте айқындады. Осындай игі бастамалар елжандылықты нығайтып, ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуға жол ашады.
Динара Ғизатова,
Бәйтерек ауданы