Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2023 жылдан бері елімізде «Балалар кітапханасы» жалпыұлттық бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның басты мақсаты - балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, әдебиетке сүйіспеншілігін қалыптастыру және сапалы кітаптарға қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі жазды.

Бүгінде еліміздегі білім беру ұйымдарының жалпы кітапхана қоры 142 млн дананы құрайды. Оның 29 млн-нан астамы көркем әдебиет туындылары. Соңғы жылдары мектеп кітапханаларының қоры тағы 1,6 млн көркем әдебиет кітабымен толықты.
Қазақстанның мектептері мен колледждерінде 1 956 кітапханалық коворкинг орталығы жұмыс істейді. Бұл заманауи кеңістіктерде оқушылар кітап оқып қана қоймай, әдеби кездесулерге, кітап талқылауларына және зияткерлік іс-шараларға қатыса алады.
Цифрлық кітапхана инфрақұрылымы да дамып келеді. edu.bookfund.gov.kz платформасында қазақ және әлем әдебиетінің 2 580 кітабының электрондық нұсқасы қолжетімді. 2026 жылғы ақпан айынан бастап білім алушылардың оқу сауаттылығын бақылауға арналған Oqyrman.kz ақпараттық жүйесі жұмыс істейді.
Балаларды кітап оқуға тартуға ерекше көңіл бөлінуде. «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасының «Оқитын мектеп» бағыты бойынша 680 мыңнан астам қатысушы тіркелген. Оқушылар әдеби шығармаларды оқып, оқығанын түсіну деңгейін тексереді және зияткерлік жарыстарға қатысады.
Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының маңызды бөлігіне айналды.