Орал қаласындағы City Center сауда-ойын-сауық орталығында орналасқан кинотеатрда отандық киноиндустриядағы танымал режиссер Шыңғыс Әбдібектің және «Қаз Продакшн» ұжымының қатысуымен «Жасанды туған күн» атты қысқа метражды фильмнің салтанатты тұсаукесері өтті.

Шығармашылық жолында «Бауыр» («Карточный долг») толық метражды фильмі, «Жалған жәннәт» туындысы, сондай-ақ «Біз» және «Алпыстан асып барамын» сияқты көп бөлімді телехикаяларымен танылған режиссер бұл жолы да көрерменге ерекше туынды тарту етті.
Мерекелік шараның шымылдығын атқарушы продюсер Мадияр Мойдумханов жүргізді. Премьера қарсаңында киноға түскен өнерпаздар арнайы лимузинмен келіп, қызыл кілем үстімен жүріп өтті.

Автор Сержан Қошқаровтың бұл туындысында танымал қазақстандық актер әрі продюсер Ақболат Өтебаймен қатар батысқазақстандық өнер иелері – Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актерлері: ҚР мәдениет саласының үздігі, Қырғызстан Театр қайраткерлері Одағының лауреаты Самал Абуов, ҚР мәдениет саласының үздігі, актриса Эльмира Мақашева, сондай-ақ Асылжан Жакин, Назгүл Батанова және Ақжол Ихсан өнер көрсетті. Кеш қонақтары мен көрермендер жаңа кинотуындыға сәттілік тілеп, ыстық ықылас білдірді.

zhaikpress.kz