29.10.2026, 17:20
Оқылды: 12

Бөрлі ауданында «Барыс» кешенді оқу-жаттығу жиыны өтті

Бүгін Бөрлі ауданында «Барыс» кешенді оқу-жаттығу жиыны өтті. Аталған жиын азаматтық қорғау қызметтерінің төтенше жағдайларға дайындығын тексеру, құралдардың әзірлігін пысықтау мақсатында оздырылды.

Барыс оқу жаттығу (7)

Ақсай қаласындағы «Ақсайавтотранс» мекемесінің тұрақ алаңында ұйымдастырылған жиынға аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов пен Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Бақытжан Ихсанов, аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Нұрмақов және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Арыстан Нұржанов қатысты.

Барыс оқу жаттығу (6)

Оқу-жаттығу барысында ауданның азаматтық қорғау қызметтерінің жеке құрамы, арнайы техникалары мен қажетті құрал-жабдықтарының дайындығы тексерілді. Іс-шараға барлығы 120 адам мен 65 техника жұмылдырылды. Олардың қатарында аудандық аурухана, төтенше жағдайлар, полиция, радиациялық-химиялық қорғаныс, байланыс, ақпараттық қамтамасыз ету, сауда, газ желілері, энергетика, жолдар мен көпірлерді күтіп ұстау қызметтерінің, сондай-ақ қала әкімдігі мен «Ақсайжылуқуат», «Кварц-Спец Сервис» мекемелерінің өкілдері болды.

Барыс оқу жаттығу (5)

- Бүгін ауданның азаматтық қорғау қызметтерін сапқа тұрғызып, техникалар мен қызметкерлердің төтенше жағдайларға дайындығын тексердік. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылық құрамынан келген әріптестерімізбен бірге арнайы техникалардың жай-күйін, жанар-жағармай қорын, қажетті құрал-жабдықтардың әзірлігін қарадық. Байқағанымыздай, техникаларымыз жаңарып, саны да артып келеді. Алайда жеке құрамның қысқы киімдерін жаңарту қажеттілігі бар. Сондықтан қызметкерлердің суық мезгілде қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда жұмыс істеуі үшін жылы киіммен және тиісті аяқкиіммен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді. Ең бастысы, қандай да бір төтенше жағдай туындаса, бірлесіп, жедел әрекет етуіміз керек, - деді аудан әкімі Еркебұлан Нұретдинұлы.

Барыс оқу жаттығу (2)

Тексеру кезінде техникалардың жай-күйіне, қажетті құрал-саймандардың, мотопомпалар мен дизель-генераторлардың әзірлігіне назар аударылды.

Барыс оқу жаттығу (9)

- Қазіргі уақытта төтенше жағдайларға дайындық жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Негізгі мақсат – техникалардың, құтқару құралдары мен жабдықтардың әзірлігін тексеріп, жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтерінің бірлескен жұмысын үйлестіру. Қыс мезгілінде боран соғып, жолдар жабылған жағдайда немесе су тасқыны кезінде барлық қызмет өзара бірлесе әрекет етуі қажет. Қазіргі уақытта облысымыздың барлық аудандарында дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысы мен Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауы нәтижесінде өңірлердегі құтқару техникалары мен құрал-жабдықтары кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Сонымен қатар техникасы жеткіліксіз қызметтерді анықтап, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қажеттіліктерді толықтыру бағытында жұмыстар атқарылуда, - деді БҚО төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Бақытжан Мағзомұлы.

Барыс оқу жаттығу (8)

Төтенше жағдайларға дайындықты пысықтаған жиын барысында арнайы техникалар мен қажетті құрал-жабдықтардың жай-күйі назарға алынды. Бұл жұмыстар төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел әрекет етуге және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Айдана АБДРАХМАНОВА

Бөрлі ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале