30.10.2026, 11:00
Оқылды: 26

Бәйтерек ауданында руханият жанашыры Сәуле Мешітбайқызымен кездесу өтті

Бәйтерек ауданы Переметный ауылында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Қазақстан дәуірі» газетінің және республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті Сәуле Мешітбайқызымен кездесу өтті.

image-30-10-26-09-31-8

Іс-шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев мерейтой иесіне ақжарма тілегін білдіріп, мұндай жүздесулердің жас ұрпаққа берер тағылымы мол екенін атап өтті.

image-30-10-26-09-31-3 (1)

Кештің шырайын кіргізген басты әңгіме — Сәуле Мешітбайқызының өмір жолы, кәсіби ізденісі, ұлт руханиятына деген жанашырлығы болды. Өмірдің сегізінші белесіне келгені, сөзі нық, ойы сергек, ел ішіндегі мәселелерге бейжай қарай алмайтын қаламгердің әр әңгімесінен өмірлік тәжірибе мен азаматтық жауапкершілік аңғарылды.

Әсіресе, оның журналистикаға келу жолы көпшілікке ерекше әсер етті. Саналы ғұмырын ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиесіне арнаған, кейін «Қазақтелеком» АҚ-да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосқан Сәуле Мешітбайқызы —алпыс жастан асқан шағында бала күнінен көкейінде жүрген журналист болу арманын жүзеге асырған қайсар адам. Жасты емес, жүрек қалауын басшылыққа алған кейіпкеріміздің жаңа белеске батыл қадам басуы — бүгінгі жастарға ғана емес, өмірден өз орнын іздеп жүрген әр адамға үлгі.

image-30-10-26-09-31-1

– Жастарға айтарым — алдарыңа мақсат қоя біліңдер. Армансыз адам болмайды. Арманға жету үшін еңбек ету керек, алға ұмтылу керек. Қандай жағдайда да өз мамандығыңа деген сүйіспеншілікті жоғалтпаған жөн. Мен осы мамандыққа келгелі талай белесті бастан өткердім. Бір кездері газет басшылығында қазақ азаматтарының аз болғаны рас. Мен алғашқы қазақ директорларының бірі болдым. Сонда өзіме: «Мен не алдым? Мен не істедім? Еліме қандай пайдам тиді?» деген сұрақтарды жиі қоятынмын, – деді өз сөзінде қаламгер.

Бұл — жай ғана естелік емес, өмір бойы өзіне есеп беріп, атқарған ісінің елге тигізер пайдасын ойлаған жанның ішкі толғанысы. Сәуле Мешітбайқызының журналистикаға кештеу келуі оның қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Керісінше, өмірлік тәжірибесі мен ұстаздық жылдарда жинаған білімін жаңа салаға жұмсауға мүмкіндік берді. Ол ел аралап, жүздеген ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, қарапайым адамдардың сөзі мен мәселесін баспасөз арқылы көпшілікке жеткізуге күш салды.

Кездесу барысында оқырмандар да көкейдегі сауалдарын қойды. Мәселен Байқоныс ауылының тұрғыны Мектепқали Қуанышев «Қазақстан дәуірі» газетін он шақты жылдан бері тұрақты түрде оқып келе жатқанын жеткізді. Немерелері «Мөлдір бұлақтан» рухани нәр алып жүр. «Маған газеттегі «Қамшы басар» айдары қатты ұнайды, - деді ол.

- Онда сын, проблемалық мақалалар жарияланады. Сол себепті бірінші кезекте осы бетті оқимын. Жалпы басылымның батылдығы, өткірлігі ұнайды. Алдағы уақытта да газетпен бірге боламын».

Мектепқали ағамыздың осы кездесуге арнайы келгені үшін алғысын жеткізген аудан әкімінің орынбасары оған өз есебінен «Қазақстан дәуірі» газетіне жаздыратынын жеткізді.

image-30-10-26-09-31-2

Кеш барысында оқырманда тарапынан мерзімді басылымдарды уақытылы жеткізу мәселесі де сөз болды. Сәуле Мешітбайқызы бұл түйткілдің жеке бір басылымға ғана емес, тұтас баспасөз саласына ортақ екенін айтты. Газет-журналға жазылған оқырман өз басылымын уақытында алуы тиіс. Сондықтан пошта қызметіне байланысты қиындықтарды тиісті орындарға жеткізіп, шешу жолдарын қарастыру қажеттігін атап өтті.

image-30-10-26-09-31-7

Кеш соңында мәртебелі мейманға аудан әкімінің атынан сый-сияпат табысталған соң жергілікті өнерпаздар өнерлерін ортаға салды.

 

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале