Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин 60 жасқа толуына орай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиеваны қабылдап, құрмет көрсетті.

Роза Сәкенқызы саналы ғұмырын кітапхана саласына арнап, ауданның мәдениеті мен руханиятының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Еңбек жолын 1986 жылы бастаған ол 2006 жылдан бері аудандық кітапханалар жүйесін басқарып, салаға жаңашылдық енгізу, кітапхана жұмысын цифрландыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және жас мамандарды тәрбиелеу бағытында нәтижелі еңбек етіп келеді.
Көп жылғы еңбегі еленіп, бірқатар мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болған. Соның ішінде «Мәдениет саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгілері мен «Еңбек даңқы» төсбелгісі бар.
Кездесуде аудан әкімі Роза Сәкенқызын мерейтойымен құттықтап, кітапхана саласын дамытуға қосқан үлегін атап өтіп, зор денсаулық, отбасына амандық және еңбегіне табыс тіледі. Сонымен қатар Мұрат Амангелдіұлы өзінің және Ж.Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Ш.Оразаеваның құттықтау хатын, «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен марапаттады.
Сондай-ақ мерейтой иесін аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұханова, еңбек ардагерлері Бақтығали Қоспаев пен Мәншүк Мәмбешова құттықтады. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Бейімбет Ғиззатов, аудан әкімі аппаратының басшысы Айбат Төлегенов және кітапхана қызметкерлері қатысты.
Өз кезегінде мерейгер өзіне көрсетілген құрметке, алғыс айтып, ризашылығын білдірді
Азамат Қанапия
Ақжайық ауданы