Биыл Ілбішін ауылының кеңшар болып құрылғанына 95 жыл толды. Осы уақыт аралығында ауылдың қалыптасуы мен өркендеуіне еңбек еткен азаматтардың есімі ел жадында. Туған жердің шежіресін ұлықтау, бүгінгі ұрпаққа алдыңғы буын ардагерлердің адал еңбегін өнеге ету мақсатында мерейлі дата аясында мұнда тәлімді де ауқымды шара өтті. Алыс-жақыннан келген Ілбішіннің түлектері, аға ұрпақ өкілдері, құрметті меймандарды ауылдың кіре берісінен жерлестері қарсылап алды.
Мерейтойлық шаралар Қаршы орта мектебінде спорттық ойындармен басталды. Мұнда командалар волейбол мен арқан тартыстан өзара мықтыны анықтады.

Осыдан кейін ауыл тұрғындары мен қонақтары Ұлы Отан соғысы сарбаздарының құрметіне орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ерлікке тағзым етті.
Зерде сағатында еңбек ардагері Тілеген Өтемісов сөз сөйлеп, ауыл тарихына шолу жасап, майдангерлер ерлігінің маңызына тоқталды. Одан кейін аудан әкімінің орынбасары Денис Умашев пен ауылдың еңбек ардагерлері ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Жиналғандар соғыста қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Осыдан кейін «Биік белес: бірлігі бекем ауыл» атты жерлестер форумы өтті. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Денис Молдағалиұлы, ауыл тұрғындары, еңбек ардагерлері, облыс және аудан орталығында тұратын жерлестер мен мекеме қызметкерлері қатысты.

Форум ауыл өткенін кеңінен баяндаған бейнероликпен ашылды. Алғашқы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Д.Умашев жиналған қауымды мерейтоймен құттықтады. Ол аудан әкімінің құттықтау хатын ауыл әкімі Бекболат Қаленовке табыстады.

Форумда Қаршы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Ұлжан Сұлтанғалиева, еңбек ардагері Кеңес Ақмоншақов, ардагер ұстаз Маржан Әжғалиева және Ақжол ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Абай Бекешов сөз сөйлеп, Ілбішін ауылының тарихы, оның қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан еңбек адамдары, елге еңбегі сіңген тұлғалар туралы тағылымды естеліктерін бөлісті. Сондай-ақ ауылдың кешегісі, бүгіні мен ертеңі, еңбек дәстүрі мен ұрпақ сабақтастығы жөнінде ой қозғады. Қатысушылар да пікірлерін ортаға салып, туған өлкенің болашағына қатысты ұсыныстарын ортаға тастады.
Мерекелік шара «Өркендесін,өрлей берсін өз елім! » атты концертпен аяқталды. Мұнда жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер марапатталды.
Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы