Әлемдік аренада ел намысын қорғап, көк байрағымызды биіктен желбіреткен жерлесіміз Зейнеп Баянова туған жеріне оралды, деп хабарлайды БҚО спорт басқармасының баспасөз қызметі.

Астанада өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген саңлақ палуан қызды Оралда жанкүйерлері, туған-туыстары, алғашқы бапкері Роллан Хамзин, Олимпиада ойындарының жүлдегері Екатерина Ларионова, спорт саласының мамандары мен спорт мектептерінің басшылары зор қошеметпен қарсы алды.
Зейнептің алғашқы бапкері Роллан Хамзин шәкіртінің бала күнінен қайсар мінезімен ерекшеленгенін атап өтті. «Зейнептің бүгінгі жетістігі – көп жылғы еңбектің жемісі. Әлем чемпионатының тұғырынан көріну – үлкен жетістік», – деді ол. Ал жеке бапкері Мұсабек Нарегеев бұл жеңіс алдағы жарыстарға үлкен серпін беретінін жеткізді.

Өз кезегінде Зейнеп Баянова өзін күтіп алып, құрмет көрсеткен барша жанға алғысын білдіріп, алдағы уақытта Олимпиада ойындарында да елді қуанту үшін бар күшін салатынын айтты.