
Сурет: istockphoto.com
Дәрігер "Лента.ру" басылымына берген сұхбатында түскі асты ішпей, кешке тойып тамақтанудың ағзаға әсері күндіз уақытылы тамақтанудан өзгеше болатынын түсіндірді. Оның айтуынша, ұйқының қанбауы да ағзаның инсулинге сезімталдығын төмендетеді.
Эндокринологтың айтуынша, үйден жұмыс істеудің қауіптілігі жұмыс орнында емес, күнделікті әдеттерде жатыр. Ұзақ уақыт тапжылмай отыру, компьютер алдында тамақтану, кешкі асты тым кеш ішу және ұйқының қанбауы денсаулыққа кері әсер етеді.
Мұндай жағдайда адам байқамай шамадан тыс тамақтанып қоюы мүмкін. Алайда қашықтан жұмыс істейтіндердің бәрін қант диабетіне шалдығу қаупі жоғары топқа жатқызу дұрыс емес.
Түскі астан кейін ұйқы қысу, тәттіге құмарлық пен әл-қуаттың бірде артып, бірде төмендеуі инсулинге төзімділіктің нақты белгілері емес. Сондықтан тек осы белгілерге қарап диагноз қоюға болмайды.
Дәрігердің ескертуінше, диабетке дейінгі жағдай көбіне еш белгісіз дамиды. Ал қатты шөлдеу, жиі зәр шығару және себепсіз салмақ жоғалту байқалса, тезірек дәрігерге қаралу қажет.
Маман денсаулықты сақтау үшін тамақты уақытылы ішіп, негізгі асты үнемі түнге қалдырмауға кеңес береді. Дегенмен тамақтану тәртібінің өзі жеткіліксіз. Күнделікті қозғалысты көбейту, жеткілікті ұйықтау және артық салмақ болған жағдайда оны азайту да маңызды