Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының үйлестіруімен Атырау қаласында сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде бір мезгілде 10 адамды ұстады, деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.

Фото: knbgov_kz
Тергеу мәліметінше, олар экстремистік топ құру, оған басшылық ету және қатысу, сондай-ақ терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру бойынша күдікке ілініп отыр. Қылмыстық топ мүшелері еліміздің батыс өңірінде конституциялық құрылыс негіздерін күшпен өзгерту мақсатын көздеген.
Күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларында тінту жүргізіліп, нәтижесінде атыс қаруы, есірткі, діни атрибутика, әдебиеттер және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Сондай-ақ олар құрған балалар мен жасөспірімдерге арналған 3 жасырын оқу орталығының жұмысы тоқтатылды.

Анықталғандай, топтың бірқатар мүшесі бұған дейін террористік және жалпы қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін сотталған.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.