«Әділет» партиясының облыстық көшпелі штабы Сырым ауданында тұрғындармен кездесу өткізіп, өңірлік сайлауалды бағдарламаның 2026-2031 жылдарға арналған негізгі бағыттарын таныстырды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі – жол инфрақұрылымына басымдық берілді. Бағдарламада Сырым ауданындағы 63 шақырым жолды жөндеу көзделген. Ал 2031 жылға қарай облыстағы сапасы жақсы жолдардың үлесін қазіргі 60,6 пайыздан 77,5 пайызға дейін жеткізу межесі қойылған.

Ауыл экономикасын жандандыру, тұрғындардың табысын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

«Бағдарламада «Ауыл аманаты» жобасын жалғастыру қарастырылған. Атап айтқанда, 2023-2026 жылдары облыс ауылдарының тұрғындары жалпы сомасы 15,4 млрд теңгеге 1 782 шағын несие алып, соның нәтижесінде 2 605 жұмыс орны ашылған. Ал 2027-2029 жылдары тағы 532 шағын несие беру жоспарланып отыр. Бұл ауылдағы жеке кәсіпті дамытуға, кооперацияны нығайтуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыруға бағытталған», - деді облыстық сайлауалды штаб басшысының орынбасары Азамат Сафималиев.

Штаб мүшелері бағдарламаның негізгі міндеттерін түсіндіре отырып, ауыл-аймақтың, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, кәсіпкерлікке қолдау көрсету, білім беру мен денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру, жастардың қоғамдық-экономикалық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасау сынды бағыттарға тоқталды.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді.

Дайындады: «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Тапсырыс беруші: Бектұрған Б.О.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді