6.11.2026, 15:45
Оқылды: 24

«Жасанды туған күн»

Орал қаласындағы «City Center» кинотеатрында белгілі кинорежиссер Шыңғыс Әбдібектің «Жасанды туған күн» қысқа метражды фильмінің премьерасы өтті. Үлкен зал көрерменге толды.

WhatsApp Image 2026-10-28 at 07.08.39
Көркем фильмді Тараз қаласында негізі қаланған «Қаз Продакшн» киностудиясы таспалады. Кино-студияның қоржынында Оралда бейнеленген «Нағыз байлық», «Ит болған кит» атты фильмдер бар. Орталықтың атқарушы продюсері Мадияр Мойдұмқановтың сөзінше, аталған кинотуындылар еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ұғынықты таспаланған. «Жаңа дәуірдің балалары ынжық, бойкүйез болып барады. Сол себепті бүлдіршін кезінен оларды еңбекке, білімге, жасамыс адамды құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында осындай идея келді», – дейді кино маманы. Сценарий ауторы – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Тимур Байтай.
Кино биылғы жазда бір апта төңірегінде Орал шаһарында Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылының шалғай жерінде түсірілген. «Қаз Продакшн» кино мамандары жас өрендерді өнерге баулу мақсатында «Жұлдызбен жұлдыз бол» атты жоба бастаған. Фильмнің актерлері, әсіресе жас өрендер арнайы кастингтен өткен. Көркем туындыда «Жайдарман» ойыны арқылы исі қазаққа танылған әзілкеш Ақболат Өтебай, Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрдың әртістері Самал Әбуов, Эльмира Мақашева, сондай-ақ Асылжан Жакин, Назгүл Батанова, Ақжол Ихсан өнер көрсетті.
Қысқа метражды деп аталып тұрғандай, кинотуындының ұзақтығы – 40 минут. Экранда бір әулеттің ішкі көңіл күйін көркем бейнелеген. Бірінші кадры қара шаңырақтағы қартайып, мосқал тартқан ер мен әйел және орда бұзар отыз жасты алқымдаған Айдар есімді сүрбойдақтың шай үстіндегі әңгімесінен басталады. Олардың титімдей ғана сөзінен фильмнің мазмұны түсінікті болады. Айдардың үйленген екі ағасы мен тұрмыс құрған бір апасы еншілерін алып, бөлек кеткен. Олар алты жылдың ішінде қара шаңыраққа ат байламаған. Сол себепті бауырларын өсіп-өнген үйіне жинаудың айласын ойластырады. «Мен қатты сырқаттанып қалдым. Олай-бұлай болып кетпей тұрғанда сендерге мүлкімді қалдырамын», – деп жасанды зердеге әкесінің дауысын келтіріп, хабарлама жібереді.
Бір шаңырақта есейген бауырлар өздерінің жасөспірім балаларын қулыққа үйретіп, мұраға таластырады. Бұғанасы қатпаған жеткіншектерді кеспірсіз қылыққа үйретіп, әкесінің көңілін аулайды. Соңында бір анадан туған жақын адамдардың арасы бұзылады. Дүние қуып кеткен перзенттері әке мен ананың қадірін кеш ұғынып, татуласады.
Өмірде адамгершілік, мейірімділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сынды құндылықтардың маңызды екенін кино тіліне бейімдеген. Сол себепті адамды жалықтырмайды. Фильм аяқталған соң халық ду қошемет соғып, фильмнің ұнағандығын емеурін етті.
Алғашқы көрсетілімнен кейін «Актерлік шеберлік және сахна мәдениеті» тақырыбында арнайы білімін шыңдаған бірқос
жас актерге алғысхат табысталды. Сондай-ақ театр әртістеріне және шығармашылық ұжымға қолдау көрсеткен жандарға киностудияның атынан Құрмет грамотасы берілді.
Кинода немеренің рөлін сомдаған Шұғыла Сағынғали фильмге кастинг арқылы өткен. Ол кішкентай кезінен киноға түсуді армандаған. Фильмде кәсіби мамандардан мол тәжірибе жинаған. Келешекте драма және комедия жанрында фильмге түсуді әмбе өнер академиясында оқуды армандайды.
Үлкен шаңырақтағы отағасы рөлін сомдаған Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрдың әртісі Самал Әбуов кастингтен сүрінбей өткен. 30 жылдан аса театрда жүрсе де, алғаш рет киноға түсуі. «Театр мен кинода көркем бейнені сомдаудың айырмашылығы жер мен көктей екен. Республика орталығынан шет жатқан Ақ Жайық өңірінде фильм түсіру – үлкен оқиға. Осындай қадамнан шаһарда кино өнері өрістейді», – дейді өнер иесі. Келешекте облысымыздан шыққан тарихи тұлғаларды, соның ішінде кино тіліне сұранып тұрған жазушы Хамза Есенжановтың бейнесін экранда жаңғыртқысы келеді.

 

Перизат Тілегенқызы,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале