2019–2025 жылдары Қазақстан экономикасы нақты мәнде 28,9 пайызға өсті. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 15 006 долларға жетіп, мектеп инфрақұрылымы кеңейді, медицина саласында жоғары технологиялық қызметтер қолжетімді бола түсті. Сонымен қатар елдің халықаралық резервтері 129,3 миллиард долларға дейін ұлғайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Осы кезеңде құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында өсім тіркелді. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, оқушыларға арналған орын тапшылығын азайту және халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру бағытында да бірқатар жұмыс атқарылды.
2019–2025 жылдары Қазақстанның ішкі жалпы өнімі нақты мәнде 28,9 пайызға өсті. Осы кезеңдегі орташа жылдық өсім 3,7 пайыз болды. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 52,9 пайызға артып, 15 006 долларға жетті.
Экономиканың нақты секторында тауар өндірісі 38,8 пайызға өсті. Құрылыс саласындағы өсім 2,4 есені, өңдеу өнеркәсібінде 41,8 пайызды, ауыл шаруашылығында 25,6 пайызды, тау-кен өнеркәсібінде 14,9 пайызды құрады.
Қызмет көрсету саласы 22,1 пайызға өсті. Атап айтқанда, сауда көлемі 44,1 пайызға, көлік қызметтері 38,4 пайызға, байланыс саласы 56,4 пайызға артты.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 65,9 пайызға өсіп, 23,5 триллион теңгеге жетті. Жеті жылдағы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 155,7 миллиард доллар болды. Ал шикізаттық емес экспорт көлемі 1,8 есе ұлғайып, 28,8 миллиард долларға жетті.
Өндірілген мұнай көлемі 2025 жылдың қорытындысында 99,6 миллион тоннаны құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 9,2 миллион тоннаға көп.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ұлттық қордың валюталық активтерін қоса есептегендегі халықаралық резервтері 129,3 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткіш 2020 жылдың соңында 94,4 миллиард доллар болған.
Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 2020 жылғы 35,7 миллиард доллардан 2025 жылы 65,4 миллиард долларға дейін өсті. Ал Ұлттық қордың валюталық активтері 58,7 миллиард доллардан 63,9 миллиард долларға жетті.
Жалпы, Қазақстанның алтын-валюта резервтері 70,6 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіш жеті жылда 91,7 пайызға артқан. Резервтердің өсуіне алтын сатып алу және активтерді басқарудан түскен инвестициялық кіріс әсер еткен.
Резервтер елдің сыртқы міндеттемелерін орындауға және әлемдік экономикадағы тұрақсыздық жағдайында қаржылық орнықтылықты сақтауға мүмкіндік береді.
2019 жылдан бері Қазақстанда 1,1 миллион оқушы орнына арналған 1 342-ден астам мектеп салынды. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны төрт есе, апатты мектептер саны екі есе, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы төрт есе қысқарды.
Білім беру инфрақұрылымын дамытудағы ірі жобалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Оның аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан. Жаңа мектептердің ашылуы нәтижесінде 54 үш ауысымды және 14 апатты мектеп мәселесі толық шешіліп, 100-ден астам мектептегі орын тапшылығы азайды.
Сонымен қатар 2023 жылы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылды. Қор қаражаты есебінен 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылды. Оның 83-і пайдалануға берілген, қалған жетеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жаңа мектептерді салу кезінде демографиялық өсім, оқушылар саны, білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығы және қолданыстағы ғимараттардың жағдайы ескеріледі.
Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары көрсеткішке жетіп, 75,97 жасты құрады. 2021 жылдан бері бұл көрсеткіш 5,6 жылға өскен. Сонымен қатар жалпы өлім-жітім деңгейі 9,2 пайызға төмендеді.
Денсаулық сақтау саласында ауруларды ерте анықтауға арналған профилактикалық бағдарламалар кеңейтілді. 2025 жылдан бастап скринингтен өтетін азаматтардың жас шегі 70-тен 76 жасқа дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ 50–76 жас аралығындағы ерлер үшін инсульт қаупін анықтайтын скрининг енгізілді.
Онкологиялық скринингтің барлық кезеңі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді. Осылайша тексеруден өту медициналық сақтандыру мәртебесіне қарамастан қолжетімді болды.
Өңірлерде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндігі де кеңейді. Қазір елде 85 инсульт орталығы мен 83 коронарлық араласу орталығы жұмыс істейді. Роботтандырылған хирургия, трансплантология және кардиохирургия бағыттары дамып келеді. Ашық жүрекке жасалатын жоғары технологиялық операциялар саны 7,2 пайызға артқан.