Есенияз Шытықов – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың 30-жылдары аралығында өмір сүрген тұлға. Құжаттарда Читыков Исенияз деп жазылады. Өз дәуірінде ауқатты, бай адам болған. Патша билігі тұсында Бөкейлікте бірқатар лауазымды қызметтер атқарған. Оның есімі Астрахан өңірі бойынша белгілі адамдардың тізімінде аталады. 1917 жылдан кейінгі азаматтық қарсыласу кезеңінде Алаш Орданы қолдаған. 1930-1931 жылдардағы Жаңақала көтерілісі кезінде Есенияз Шытықов Ілбішін ауданының №1 ауылындағы кеңес өкіметіне қарсы наразылықтың жетекшісі ретінде танылған. Кейін саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккен.

Сурет жасанды интеллект көмегімен жасалған
2021-2022 жылдары Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде БҚО полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінде Жаңақала көтерілісіне қатысты құжаттармен таныстым. Көлемі 8 томды құрайтын архив құжаттарының арасында Есенияз Шытықов туралы да мәліметтер кездеседі.
2023 жылы «Халық жады» жобасы аясында Атырауда тұратын, жасы тоқсанға таянған ақсақал, Есенияздың жоқтаушысы әрі туысы Самиғолла Зиноллаұлымен бейнесұхбат жүргіздім. Сұхбат барысында ол Есенияз Шытықовтың шыққан тегі, туған жері, патша дәуіріндегі және кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы қызметі, кейін саяси қудалауға ұшырауы жөнінде құнды деректер келтірді. Сонымен қатар Есенияз атасының есімін ұлықтау мақсатында оның жергілікті баспасөз беттерінде «Арманда кеткен арда ұлдар», «Есенияз есімі ескерусіз қалды», «Жаралы жылдар бағасын алды ма?» атты мақалалары жарияланған. Мақаланы жазу барысында осы ауызша деректер, аталған мақалалар және негізінен архив құжаттары кеңінен пайдаланылды.
Есенияз Шытықов 1879 жылы бұрынғы әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Ішкі Бөкей ордасының І Теңіз жағалауы округіне қарасты Бегайдар қонысында дүниеге келген. Бегайдар – Нарын құмының бір бөлігін алып жатқан тарихи мекен.
Есенияздың атасы Шытық осы өңірге белгілі, дәулетті адамдардың бірі болған. Оның ұлы Нұғыманнан Шәріп пен Есенияз дүниеге келген. Шытық немересі Есениязды өз атына жаздырып, бар дәулетін соған мұра етіп қалдырған. Шытық дүниеден өткеннен кейін, 1904 жылдан бастап оның жерленген орны «Шытық қорымы» деп атала бастаған. Шытықовтар әулеті Есентемір руының Көн тармағының Қырғыз бөлімінен тарайды.
Есенияздың әкесі Нұғыман да дәулетті адам болған. Ол Меккеге қажылық сапары кезінде қайтыс болған. Нұғыманның үлкен ұлы Шәріп 1876 жылы дүниеге келген. Есенияздың өмір жолын зерттеп, оған қатысты деректерді жинақтап жүрген Самиғолла Зейноллаұлы – осы Шәріптің ұрпағы. Әкесі Зейнолла партия қызметкері, мектеп директоры әрі мұғалім болған, өзі де ұстаздық және басқарушылық жолда қызмет еткен.
Есенияздың өзінен тараған ұрпақтарына келер болсақ, үлкен ұлы Хайдарғали мен кенже ұлы Әмірғали Отан соғысында қаза тапқан. Ал ортаншы ұлы Қадырғали соғыстан аман-есен оралып, үйленіп, отбасын құрған. Ұл баласы болмағанымен, қыздарынан жиендері бар.
Есенияздың текті әулеттен шығуы мен зеректігі оның сапалы білім алуына негіз болды. 1841 жылы Жәңгір хан қазақ балаларына арнап тұңғыш мектеп ашып, Орданы білім орталығына айналдырғаны белгілі. Осында Есенияз Шытықов та тәлім алып, сауатты, көзі ашық азамат болып қалыптасты. Ол 1904 жылы Хан ордасындағы орыс-қазақ оқу орнын бітірген Бегайдардан шыққан бес баланың бірі болды. Есенияз алғашында екі кластық, кейін төрт кластық училищеде оқыды. Оның алған білімі мемлекеттік басқару саласында өз пайдасын тигізгені кәміл.
Ішкі Бөкей ордасы әкімшілік-аумақтық жағынан Тарғын, Қалмақ, Нарын, Қамыс-Самар, Талов қисымдарына, І Теңіз жағалауы және ІІ Теңіз жағалауы округтеріне бөлінді. Патша дәуірінде Ішкі Бөкей ордасын басқару ісіне Есенияз Шытықов та белсене араласты.
Астрахан губерниясының естелік кітаптарындағы деректерге қарағанда, ол 1906-1907 жылдары Нарын бөлімінің, 1908-1909 жылдары І Теңіз жағалауы округінің хатшысы, 1910-1912 жылдары Гурьев уезі бойынша депутат, ал 1913-1917 жылдар аралығында І Теңіз жағалауы округі бастығының көмекшісі қызметтерін атқарған.
Есенияз Шытықов І Теңіз жағалауы округінің 1912 жылдан бастығы болған Қайырлы Құрманбаев, сондай-ақ әр жылдары округ бастығының көмекшісі, хатшысы, округ және уезд депутаты қызметтерін атқарған Аманғали Жоламанов, Хамидолла Меңдіәлиев, Жұмағали Жанғожин, Хайролла Шынтаев, Кенжеғара Жүнісов, Андрей Зарубин, Мауби Дүйсемәлиев, Паңгерей Ақсартов, Жұмағали Қайырлиев, Мұхалдияр Үндібаев, Мардан Қашқынбаев секілді әріптестерімен және Нарын бөліміндегі басқа да азаматтармен қоян-қолтық жұмыс істеді. Қызмет барысында жинақтаған мол тәжірибесі Есенияз Шытықовты ел басқару ісінде шыңдап, Бөкей ордасы өңіріне танымал әрі ықпалды тұлға ретінде қалыптастырды.
1917 жылы Петерборда Ақпан революциясы болып, патша билігі құлады. Соның нәтижесінде бүкіл елде қос өкіметтік жағдай орнады. Бұл саяси өзгерістер Бөкей жеріне де әсер етті. Бөкей ордасында жаңа саяси билік органдары мен қоғамдық ұйымдар қалыптаса бастады. Өңірдегі қоғамдық-саяси өмір жанданып, ұлт зиялылары саяси үдерістерге араласты. Осы уақытта Есенияз Шытықовтың патша өкіметі тұсындағы мемлекеттік басқару органдарындағы қызметі тоқтап, оның Бөкейліктегі Уақытша үкіметтің басқару құрылымдарымен қарым-қатынас орнатқаны байқалады. Мәселен, 1931 жылғы БКП (б) Қазақ Өлкелік комитетінің бандитизммен күреске қатысты архивтік құжаттарының бірінде Есенияз Шытықовтың бұрын Алаш Орда кеңесшісі болғаны туралы мәлімет келтірілген.
Дегенмен Есенияз Шытықовтың Ордадағы Уақытша үкіметтің жергілікті органдарына мүше болғаны немесе Жымпитыдағы Батыс Алаш Орда өкілдерімен байланыс жасағаны жөнінде нақты деректер анықталған жоқ. Сондықтан оның 1917 жылғы қос революция және азамат соғысы кезеңіндегі қоғамдық-саяси қызметі, әсіресе Алаш қозғалысымен байланысы әлі де зерттеуді қажет етеді.
Есенияз Шытықов революцияға дейін де, одан кейін де ата кәсібі – мал шаруашылығымен айналысқан. Асыл тұқымды жылқылар өсірген. Түрікменнің ахалтеке және жәуміт тұқымды жылқыларын қазақтың жабы жылқысымен будандастырып, «Есенияз қасқа», «Есенияз күрең» деп аталған жылқы түрлерін шығарған. Бұл жылқылар кейін, 1940 жылдары соғысқа байланысты жүргізілген мобилизация кезінде қолданылған.
Есенияздың халық игілігі үшін жасаған басқа да қайырымды істері аз болмаған. Заманның саяси ахуалын аңғарған ол малының едәуір бөлігін кедей-кепшіктерге таратып берген. Бегайдар ауылында өз үйінен арнайы бөлме бөліп, балалардың орысша және қазақша сауат ашуына жағдай жасаған. Балаларды оқыту үшін Орал қаласынан мұғалім алдырған. Кейін Есенияздың қыстауы түгелдей мектепке берілген.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында, 1920-1922 жылдары Есенияз Шытықов халық соты қызметін атқарған. Алайда 1922 жылдан кейін патша үкіметіне қызмет еткені және ықпалды бай болғаны себепті бұл лауазымынан шеттетілген. Билік өкілдері Есениязды қудалауын қоймай, 1925 жылы Гурьев түрмесіне жапқан. Ол халықты қанамағаны, малын кедейлерге үлестіріп бергені және қалған малын колхозға өткізгені үшін ауыл адамдарының куәлік етуінің арқасында түрмеден босап шыққан. Бұдан кейін Есенияз Шытықов ағасы Шәріп Нұғымановпен және басқа да ағайын-туыстарымен бірге Гурьев уезінің Қарасамар болысына қоныс аударған.
Ел ішіндегі жағдай әлі де тынышталмады. Кеңес өкіметіне мойынсұнбаған Аманғали, Ерғали, Құныскерей, Боқай секілді «банды» атанған адамдар бас бостандықтарын сақтап қалу үшін қуғыншылардан бой тасалап, үнемі қашып жүруге мәжбүр болды. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» дегендей, олар байлардың малын айдап әкетіп те отырған.
«Мен өзім Аманғали атанамын, байлардан таңдап-таңдап ат аламын», – деп әндеткен Аманғали Кенжахметов кеңес өкіметі үшін «банды», ал халық үшін батыр ретінде танылды. 1927 жылы оның тобы Ерғали Аязбаевтың тобымен бірігіп әрекет ете бастайды. Біріккен топтың саны 30 адамға дейін жеткен. Сол жылдың шілде айында олар Гурьев уезінің Қарасамар болысындағы Жартөбе деген жерде қоныстанған Есенияз Шытықовтың ауылына келіп, жүйрік үш жылқысы мен 120 сом ақшасын алып кеткен.
Бұл оқиғаға қатысты архив құжатында мынадай мәлімет сақталған: «По донесению Началь-
ника ГубУРО от 18/VІІ с.г. бандиты в количестве 18 чел. вооруженные винтовками и револьверами под командой Амангалия Кенжахмедова и Иргалия Аязбаева явились в аул гр-на Читыкова Исеньяза. В Карасамарской волости Гур. уезда на урочище “Жар Тюбе” и под угрозой расстрела отобрали у Читыкова три хороших лошади, денег 120 р. и ряд других вещей». Есенияздан жылқы алғандарын Аманғалимен бірге жүрген әйелі Мұхсина да тергеу кезінде айтқан.
Есенияздың ағасы Шәріп Қарасамар болысында тұрақтап қалса, өзі шаруа қамымен Орал округіне қарасты Ілбішін ауданына көшкен. Бұл кезеңде де кеңес өкіметі шаруаларға тыным бермеді. 1928 жылдан бастап ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқанын қарқынды жүргізуге кірісті. Мал шаруашылығымен айналысқан шаруалар қолдарында қалған азын-аулақ малын колхоздарға өткізуге мәжбүр болды. Бұл науқан ауыл тұрғындарының наразылығын туғызды. Есенияз да осы сұрқия саясаттың зардабын тартты.
1930-1931 жылдардағы Жаңақала көтерілісі кеңес өкіметінің күштеп ұжымдастыру саясатына қарсы бағытталды. Ілбішін ауданының №1 ауылы Жаңақала ауданының №4 ауылымен және бұрынғы Гурьев округіне қарасты ауылдармен шектесіп жатты, сондықтан көтеріліс осы көршілес өңірлерді де қамтыды. 1930 жылдың көктемінде Жаңақала ауданының №1 және №24 ауылдарында 150-200 адамға дейін қатысқан наразылық оқиғалары болып өтті. Наразылыққа қатысушылар колхозға мал өткізбейтіндерін және колхоздан шығатындарын мәлімдеді. Ал 1931 жылдың ақпан-наурыз айларында Жаңақала ауданының жеті ауылында көтеріліс штабтары құрылып, қарулы көтеріліске ұласты. Көтеріліс барысында билік өкілдерін ұрып-соғу оқиғалары орын алды. Сонымен қатар ашынған көтерілісшілер колхоз қораларында қамауда тұрған малдарын босатып, айдап әкетті. Көтеріліс штабтары орналасқан қыстауларда ортақ мал сойылып, ет асылып, кедей шаруалардың бас қосуына жағдай жасалды.
Ілбішін ауданының №1 ауылындағы шаруалар наразылығын Есенияз Шытықов пен Сапарғали Мамедәлиев басқарды. 1931 жылы наурызда ілбішіндік белсенді топ ұйымдастыру жиналыстарын Гурьев ауданының Махамбет ауылында өткізген. Олардың мақсаты бірлесіп әрекет ету және Жаңақала көтерілісшілерімен байланыс орнату болды. Топ мүшелері қарулы көтеріліс ұйымдастыруды көздеп, ауылдарды аралап, шаруаларды малдарын колхоздарға өткізбеуге үгіттеді. Бұл оқиғаларға Есенияз Шытықовтың жиырма жастағы ұлы Хайдар да қатынасқан. Алайда Ілбішін ауданының №1 ауылындағы қарулы қарсылық әрекеттері жүзеге аспады. Өйткені Калмыков ауылы жағынан ОГПУ жасағының келе жатқаны туралы хабар жеткен соң, көтеріліске қатысушылар үйлеріне тарап кеткен.
1931 жылдың 21-24 наурызында ОГПУ-дың жазалаушы жасақтары келіп, көтеріліс ошақтарын басты. Жаңақала көтерілісіне қатысқаны үшін барлығы 360 адам ұсталды. Ілбішін ауданының №1 ауылынан 59 адам тұтқындалды. Осылармен бірге Есенияз Шытықов пен оның ұлы Хайдар да қамауға алынды.
Тергеу барысында ОГПУ өкілдері Есенияз Шытықовты 1931 жылдың көктемінде Ілбішін ауданының №1 ауылында болған көтерілісті ұйымдастырды және қару ұстады деп айыптады. Құжатта оны 52 жаста, үйленген, сауатты, партия мүшесі емес, ұлты қазақ, малшы, бай, сайлау құқынан айырылған, патша дәуірінде болыс басқармасының көмекшісі және депутат болған, бұрын сотталмаған, Ілбішін ауданының №1 ауылының тұрғыны деп көрсеткен. Бірақ Есенияз Шытықов болыс басқармасының көмекшісі емес, округ бастығының көмекшісі болған.
Жаңақала көтерілісіне қатысты тергеу ісі тоғыз айға созылған. Тергеу нәтижесінде 160 адам босатылған. Ал 71 адам қамауда отырған кезінде қайтыс болған. Олар аштықтан немесе жұқпалы аурулардың салдарынан өлуі мүмкін.
1931 жылы 25 желтоқсанда қалған 129 адамға қатысты «айыптау ісі» ҚАКСР-дағы ОГПУ уәкілетті өкілдігінің қарауына жолданған. 1932 жылы 25 ақпанда ҚАКСР-дағы ОГПУ уәкілетті өкілдігі жанындағы үштіктің отырысында 129 адамға РКФСР-дың ҚК 58-2, 58-8 және 58-10 баптары бойынша үкім шығарылған. Олардың алды он жылға сотталып, қалғандарына әртүрлі жаза тағайындалған. Аталған үкім бойынша Есенияз Шытықов он жыл, ал Хайдар Есениязов екі жыл мерзімге концлагерьге кесілді. Кейін 1989 жылғы 27 маусымдағы Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының қаулысымен ақталды.
Ләтифолла Қапашевтың «Банды» Аманғали ісі» атты кітабында Есенияз Шытықовтың Жұмағали Жанғожинмен бірге Ташкент қаласында жазасын өтегені көрсетілген. Сондай-ақ онда Жұмағали Жанғожиннің 1934 жылы Ташкент маңындағы «Биебау» қорымында жерленгені айтылады. Бұл деректер Есенияз Шытықовтың өмірінің соңғы кезеңі де Ташкент қаласымен байланысты болған деп тұжырым жасауға мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, Есенияз Шытықов – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың 30-жылдарын-
дағы Қазақстанның батыс өңірінің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар тарихи тұлға. Бегайдар топырағынан түлеп ұшқан біртуар азамат Бөкей ордасының басқару ісіне араласып, ел игілігі жолында қызмет етті. Ол ата-бабадан қалған мұраны қастерлеп, атбегілікті өмірлік серігіне айналдырған ұлтжанды тұлға болды. Тарихи кезеңдегі саяси өзгерістерге қарамастан, Есенияз елге қызмет етуді жалғастырып, ауыл балаларының білім алуына қолдау көрсетті, бар байлығын халыққа таратып берді. Алайда кеңес өкіметінің қудалауы тоқтамады. Ақырында ол кеңестік биліктің әділетсіз саясатына қарсы күрескен қайраткерге айналып, осы жолда ғұмырын сарп етті. Сондықтан Есенияз Шытықовтың өмір жолы мен қоғамдық қызметін жан-жақты зерттеп, есімін кейінгі ұрпаққа таныту – өңір тарихының ақтаңдақ беттерін толықтыруға, тарихи жадыны жаңғыртуға және ұлт зиялысын ұлықтауға қосылған үлес деп есептейміз.
Есқайрат Хайдаров,
Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті «Қазақстан Республикасының тарихы» кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты