«Ауылына қарап азаматын таны» демекші, туған жеріне бір бүйрегі бұрып тұратын, алтын бесігінің көркеюіне өз үлесін қосып жүрген азаматтар аз емес. Осындай жерлестерімен аудан орталығына іргелес орын тепкен Жайық ауылы да мақтана алады.

Жуырда ауыл азаматы Жаслан Күнбатыровтың бастамасымен елді мекеннің кіреберісіне «Жайығым – жүрегім» атты белгі орнатылды. Биіктігі 2,5 метр, ұзындығы 7 метр болатын нысан ауылдың ажарын ашып, көшеге ерекше сән беріп тұр. Пьедесталы қымбат таспен қаланып, архитектуралық нысанмен керемет сәулеттік үйлесім тапқан. Кешкі уақытта жарық түсіріліп, сонадайдан көрініп тұрады.
Сонымен қатар ауылда көлемі 20х20 метр болатын автотұрақтың құрылысы қолға алынған. Жұмыс биыл басталған, құрыстың аяқталуы алдағы жылдың еншісінде.
Бұл игі іске 1978, 1980, 1986-1987, 1988, 1989 және 1996-1998 жылдары туған ауыл азаматтары қаржылай қолдау көрсетті. Сондай-ақ ауылға ортақ шаруаға техникасын бөлген Жұмабек Шөкетаев, Әлібек Тілепбергенов және Дәурен Ораловтың еңбегін де атап өткен жөн.
Туған жерге деген жанашырлық мұнымен шектелмек емес. Келер жылы ауылда жаңа саябақ салу жоспарланып отыр. Бұл бастаманың да мақсаты бір – ауыл тұрғындарының басын біріктіріп, елді мекеннің көркін арттыруға бағытталған.
Ауылын түлетуге үлес қосқан азаматтардың еңбегі – кейінгі ұрпаққа үлгі. Осындай ортақ іске ұйысқан жұрттың арқасында Жайық ауылының көркейе түсері сөзсіз.
Аида Асылбек
Ақжайық ауданы