12.11.2026, 16:15
Оқылды: 4

Қара өлеңнің Қаршығасы

Ақын Қаршыға Асуұлының шығармашылығына арналған әдеби-танымдық кеш өтті. image-12-11-26-02-53

Өлең – жүректің үні, сөз – ұлттың рухани қазынасы. Қай кезеңде де қара өлеңді қадірлеп, ақынға құрмет көрсету халқымыздың ізгі дәстүрінен жаңылған емес. Өйткені ақын елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, қоғамның тынысын жырға қосып, туған жердің тарихы мен тағдырын сөз өнері арқылы өрнектейтін тұлға.

image-12-11-26-02-54 (1)

Бүгін «Дән» мәдениет үйінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, аудандық «Серпін» газетінің редакторы Қаршыға Асуұлының шығармашылығына арналған «Қара өлеңнің Қаршығасы» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Тағылымды шара ақынның шығармашылық жолын таныстырып қана қоймай, оның поэзиясындағы туған жерге деген сүйіспеншілік, елдік мұрат, адамгершілік пен азаматтық ұстаным секілді тақырыптарды кеңінен қамтыды.

Кеш шымылдығы ақынның өмірі мен шығармашылық жолына арналған тағылымды таныстырылыммен ашылды. Өлеңге деген сүйіспеншілік, туған жерге деген перзенттік сезім, өмірдің сан алуан қырын көркем сөзбен өрнектеу  Қаршыға Асуұлының шығармашылығына тән ерекшеліктердің бірі. Оның жырларынан ақынның азаматтық болмысы, туған елге деген сағынышы мен ұлттық құндылықтарға деген құрметі айқын аңғарылады.

Шараға қатысқан аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев ақынның шығармашылығына жоғары баға беріп, жүрекжарды тілегін жеткізді. Ауданның рухани-мәдени өміріне, баспасөз саласына қосып жүрген еңбегін атап өтіп, Қаршыға Асуұлына алғыс хат табыстады. Сондай-ақ ақынның анасы мен жұбайына ықылас гүлдерін ұсынып, ақынның шығармашылық жолындағы отбасының орны мен қолдауына ерекше құрмет білдірді.

– Өнердің ішінде сөз өнерінің орны бөлек. Ақынның жыры – халықтың рухани байлығы, ұрпаққа қалатын аманат. Қаршыға Асуұлының шығармашылығы ауданымыздың мәдени өмірімен, елдің тыныс-тіршілігімен біте қайнасып келеді. Қаламыңыз мұқалмай, шығармашылық шабыттың биігінен көріне беріңіз, – деген мазмұндағы ізгі тілегін жеткізді.

Кештің құрметті қонақтары қатарында «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Нұрлыбек Рахманов, «Теректі жаңалығы» газетінің редакторы Темірболат Тоқмамбетов, «Бөрлі жаршысы» газетінің редакторы Мейрамбек Сыдықов болды. Әріптестері ақынның шығармашылығы мен журналистік жолына тоқталып, оның қаламгерлік қарым-қабілеті, азаматтық ұстанымы, әріптестер арасындағы беделі мен адамдық болмысы жөнінде жылы лебіздерін білдірді.

image-12-11-26-02-54

Кеш барысында қонақтар ақынның өлеңдері, шығармашылық ізденістері мен қаламгерлік ерекшелігіне қатысты қойылған сауалдарға жауап беріп, өз ойларымен бөлісті. Сұрақ-жауап түрінде өрбіген әңгіме кештің мазмұнын тереңдете түсті. Әріптестерінің естеліктері мен ақжарма тілектері ақын шығармашылығының әр қырын аша отырып, әдебиет пен журналистикадағы ортақ құндылықтарды да айқындай түсті.

Әдеби кештің әсерлі сәттерінің бірі Қаршыға Асуұлының сөзіне жазылған әндердің орындалуы болды. Ақын жырларына әуен қосылып, сахна төрінен шырқалған әндер көрермен көңіліне ерекше әсер сыйлады. Сөз бен саз үндескен сәттер кештің көркемдік мазмұнын байытып, жырдың өміршеңдігін тағы бір мәрте танытты.

image-12-11-26-02-54 (2)

Шара аясында ақынның «Тамырым бірге туған жер» атты жыр жинағының тұсауы кесілді. Бұл – ақынның шығармашылық қоржынына қосылған кезекті дүние ғана емес, туған жерге деген сағыныш пен перзенттік парызды, ел мен жерге деген махаббатты арқау еткен рухани дүние. Жаңа кітаптың оқырманға жол тартуы кеш қонақтары мен әдебиетсүйер қауым үшін қуанышты сәт болды.

Сондай-ақ аудандық «Серпін» газетінің жауапты хатшысы Гүлшат Ботанова әріптесіне арнаған жүрекжарды тілегін жеткізіп, оның азаматтық болмысына,еңбегіне тоқталды. Бір ұжымда қызмет етіп, талай ортақ істің жүгін бірге көтеріп жүрген әріптестерінің ықыласы кештің шынайы көңіл күйін айшықтай түсті.

Әдеби-танымдық кештің тізгінін ұстаған Самат Байболатов шараның әр бөлімін өзара сабақтастырып, мазмұнды әңгіме мен әуезді әннің үйлесімін келтіре білді. Кеш қонақтарының естеліктері, ақын өлеңдерінің оқылуы, әндердің орындалуы және еркін сұхбат түрінде өрбіген жүздесу көрерменге рухани әсер сыйлады.

Қара өлеңнің қасиетін қастерлеп, сөз өнерін өмірлік мұратына айналдырған Қаршыға Асуұлына арналған бұл кеш бір ақынның шығармашылығына көрсетілген құрмет қана емес, жалпы әдебиетке, ұлттық руханиятқа, туған жердің талантты перзенттеріне деген ықыластың айқын көрінісі болды.

Ақынның сөзімен өрілген әндер әлі де шырқала берсін, жырлары жүректерге жол тауып, қаламы ел игілігі үшін қызмет ете берсін!

 

Сара Шакрат

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале