12.11.2026, 17:00
Оқылды: 1

Бәйтеректе егін берекесі мол, ауыл әлеуеті артуда

Аудан әкімі Марат Тоқжанов Достық, Махамбет, Бейбітшілік және Макаров ауылдық округтерінде болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму динамикасын зерделеді. Есептік кездесулерде ауыл әкімдері атқарылған жұмыстарды баяндап, тұрғындар тарапынан инфрақұрылым, медицина, білім беру және қоғамдық қауіпсіздікке қатысты сауалдар түсті.

image-12-11-26-03-01

Достық ауылдық округінде 2025–2026 жылдары 316,8 миллион теңге инвестиция тарту жоспарланған. Соның аясында 120 орындық балабақша, тойхана, супермаркет, спорт нысаны мен керамзит блоктарын өндіру цехы іске қосылмақ. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 3 тұрғын жеңілдетілген несие алып, 4 тұрғын қайтарымсыз грант иеленді. Мұндағы мектептерде 1100-ден астам оқушы білім алып, амбулаторияға жаңа жедел жәрдем көлігі берілді. Кездесуде тұрғын Айнұр Сағынованың электр мен газ желілеріне қауіп төндіріп тұрған ағашты кесу туралы өтінішіне орай аудан әкімі «Приурал» электр желілері мекемесіне шұғыл тапсырма жүктеді.

image-12-11-26-03-01-2

Махамбет ауылдық округінің жергілікті бюджеті 108 пайызға орындалып, салық түсімі 44,9 миллион теңгені құрады. Агроөнеркәсіп саласында 25 мың тоннадан астам дән жиналып, шаруашылықтар 324,7 миллион теңгеге жаңа техникалар алды. «Ақ бота» балабақшасы күрделі жөндеуден өтіп, шағын футбол алаңы мен тротуар салынды, бөгеттер нығайтылды. Су айдау нысанындағы істен шыққан сорғыларға қатысты Мүсілім Айтжановтың өтініші бойынша «Коммунальник» мекемесіне жаңа сорғылар орнату тапсырылды.

image-12-11-26-03-01-11

Бейбітшілік ауылдық округінде де салық түсімі межеден асып, 16,8 миллион теңгеге жетті. «Асан-Аул» ЖШС мен «Айдос» ШҚ 100 миллион теңгеден астам қаражатқа ауыл шаруашылығы техникасын жаңартты. Ауылда «Жеңіс» саябағы абаттандырылып, жарықшамдар орнатылды. Жиында ауылдың дамуына белсене атсалысып жүрген меценат Бейбіт Асановқа аудық округ әкімі Манарбек Жандарбеков алғыс хат табыстаса, өз кезегінде кәсіпкер ауыл үшін қажет өрт сөндіру бекетін асарлата салуға уағдаласқан кәсіпкер азаматтарға істі барынша тездетіп бітіруге шақырды.

image-12-11-26-03-01-10

image-12-11-26-03-01-14

Макаров ауылдық округінде абаттандыру бойынша 12 сенбілік өтіп, 2000-нан астам көшет пен қарағай отырғызылды. Ауыл шаруашылығында «Руслан» ШҚ-да картоп өнімділігі гектарына 400 центнерге жетсе, «Август» ШҚ-да көкөніс өңдеу мен қаптау желісі іске қосылған. Алифтина Перченконың оқушылардың асханаға сыртпен қатынау машақатына қатысты сауалына аудан әкімі мектеп ғимараты мен асхананы жалғайтын жабық өткел салу арқылы шешілетінін айтты. Елтай Лұқпановтың электр желісінің жиі сөнуі туралы мәселесіне орай өңірде электр желілерін жаңғыртуға 20 миллиард теңге бөлінетіні және жоспарлы ауыстыру жұмыстары жүріп жатқаны айтылды. Тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін бұл мәселелердің шешілуі аудан басшылығының тұрақты бақылауында болады.

image-12-11-26-03-01-7

Гүлім Орда 

Бәйтерек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале