17.11.2026, 15:30
Оқылды: 16

Қазақстан дүниежүзілік мұра нысандары бойынша Азияның үздік 20 елінің қатарына енді

Қазақстан ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміндегі нысандар саны бойынша Азия елдері арасында 13-орынға жайғасты. Рейтингті X әлеуметтік желісіндегі танымал Asia Nexus арнасы жариялады.

WhatsApp Image 2026-11-17 at 13.23.45

Автор ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығының деректеріне сүйене отырып, мәдени, табиғи және аралас нысандардың санын есептеген. Қазір Қазақстанның тізімде жеті нысаны бар. Көрші Моңғолияның да жеті нысаны бар. Ол рейтингте Қазақстаннан кейінгі орында тұр.

Қытай мен Үндістан көш бастап тұр

Рейтингтің бірінші сатысында Қытай орналасқан. 25 шілдеде Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Дүниежүзілік мұра комитетінің сессиясында бұл елдің тізіміне 61-нысан енгізілді. Ол – Цзиндэчжэнь қаласындағы фарфор өндірісінің тарихи мұрасы. Мұнда X-XIX ғасырлар аралығында жұмыс істеген фарфор өндіру жүйесі сақталған.
Қытайдың Дүниежүзілік мұралар тізіміне қосқан үлесі айрықша, – деді ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра орталығының номинациялар бөлімінің басшысы Алессандро Бальзамо.
Оның айтуынша, Қытай нысандары саны жағынан ғана емес, алуан түрлілігімен де ерекшеленеді.
Үндістан рейтингте екінші орында. Сол сессияда бұл елдің 45-нысаны ретінде ежелгі буддалық Сарнатх кешені тізімге енді. Аңыз бойынша, Будда ағартушылыққа жеткеннен кейінгі алғашқы уағызын дәл осы жерде айтқан.

Көшбасшы елдердің тізімі жаңа нысандармен толықты

Рейтингтің жоғарғы бөлігіндегі өзге елдердің де мұралар тізімі кеңейді. Иранның тізіміне Аламут қамалы мен оған қарасты қорғаныс құрылыстары, ал Жапонияның тізіміне ежелгі Асука-Фудзивара астанасы енгізілді.
Биылғы сессияны рейтингте 17-орында тұрған Оңтүстік Корея қабылдады. Әр ел жыл сайын тізімге енгізу үшін бір ғана нысанды ұсына алады. Сондықтан көшбасшы мемлекеттер мен өзге елдер арасындағы айырмашылық біртіндеп қана қысқарып келеді.

Қазақстанның жетінші нысаны

Қазақстан 25 шілдеде Маңғыстаудағы жартас мешіттері мен киелі орындар ЮНЕСКО тізіміне енген кезде жетінші нысанына ие болды. Олардың қатарына Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан үпі және Бекет ата жерасты мешіттері кіреді.
Вице-президент Ерлан Қарин бұған дейін бұл бағыттағы жұмыстың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жанданып, жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен еді. Оның айтуынша, мешіттер тек құлшылық ететін орын ғана емес, сонымен қатар білім беру орталықтары болған.
Бұл жартас мекендер халқымыздың тарихи жадын, ата-бабамыздың аманатын сақтап тұр, – деді ол.

Қазақстанның тізімінде қандай нысандар бар?

Қазақстанның ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген алғашқы нысаны – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Ол 2003 жылы тізімге енгізілді.
Кейін тізімге Таңбалы петроглифтері мен «Чанъань – Тянь-Шань дәлізі» бойындағы Жібек жолы нысандары қосылды. Сондай-ақ табиғи мұралар қатарына Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдерін қамтитын Сарыарқа, Батыс Тянь-Шань және Тұранның суық шөлдері енді. Олардың кейбірін Қазақстан Қытай, Қырғызстан және Түрікменстанмен бірлесіп ұсынады.

Моңғолияның да жеті нысаны бар

Биыл жазда Пусанда өткен сессияда Моңғолияның да жаңа нысаны ЮНЕСКО тізіміне енгізілді. Олардың қатарында ғұн ақсүйектерінің қорғандары, соның ішінде елдің шығысындағы Дүүрлиг-Нарс жерлеу кешені бар. Бұл ескерткіштерді Кореяның Ұлттық музейі мен моңғол археологтары 30 жылдан астам уақыт зерттеген.

Моңғолияның тізімге енген алғашқы нысаны – Увс-Нуур көлінің қазаншұңқыры. Ол 2003 жылы тіркелді. Кейін Орхон аңғарының мәдени ландшафты, Моңғол Алтайының петроглифтері, қасиетті Бұрхан-Халдун тауы және Даурия ландшафттары қосылды.

Тағы бір нысан – Хангай жотасының баурайындағы қола дәуіріне жататын бұғытастар. Ежелгі тұрғындар оларды түрлі ғұрыптар мен жерлеу рәсімдері кезінде орнатқан.

Қазақстан қандай нысандарды ұсынбақ?

Мемлекет басшысы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу үшін жаңа номинациялар әзірлеуді тапсырған. Олардың қатарында Жаркент мешіті, Алматыдағы Вознесенск соборы және Қаратау петроглифтері бар.
Жаркент мешіті мен Вознесенск соборы қазірдің өзінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізімінің алдын ала тізіміне енгізілген. Ел толыққанды номинация ұсынбас бұрын нысан осы алдын ала тізімде болуы қажет.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале