Қаратөбе ауданында әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын қолдау, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жоба жүзеге асуда. Бұл туралы аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз алаңында мәлімдеді.

Ауданның 2026 жылғы 1 қазандағы бюджеті 4,1 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жергілікті бюджет кірістері – 2,3 млрд теңге, есепті кезеңде 1,1 млрд теңге орындалды. Қазіргі таңда аудандағы 474 агроқұрылымда 607 адам еңбек етеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 10,4 млрд теңгені құрады. Ауданда 69 мыңнан астам ірі қара, 102 мыңнан астам қой мен ешкі, 18,5 мың жылқы, 20 түйе және 5,4 мың құс бар. Аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев мал тұқымын асылдандыру жұмысы жалғасып жатқанын айтты.
– Биыл дәнді дақылдар мен екпе шөптердің егіс көлемі 1412 гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 45,6%-ға артты. Сонымен қатар 38,3 гектар алқапқа картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілді. Нәтижесінде 75 тонна картоп, 210 тонна көкөніс және 291 тонна бақша өнімі жиналды. Қысқы мал азығын дайындау жоспары да артығымен орындалып, 179 мың тонна мал азығы әзірленді. Ауыл шаруашылығының техникалық әлеуетін арттыруға да басымдық берілуде. Биыл аудан шаруашылықтары 542,1 млн теңгеге 36 трактор, 6 тиегіш және 2 тіркеме сатып алды. Соңғы бес жылда машина-трактор паркі 226 трактор және өзге де техникалармен толықты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы негізінде 2023-2026 жылдар аралығында аудан бойынша 117 жобаға 1,1 млрд теңге несие беріліп, 101 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл бағдарлама аясында 715,8 млн теңгені құрайтын 60 жобаның құжаттары ұсынылды. Қазіргі уақытта 35 жоба 447,7 млн теңгеге қаржыландырылып, тағы 11 жоба мақұлданды. Қаражат мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, өнім өңдеуге және шағын кәсіп ашуға бағытталды. Бағдарлама аясында кәсіпкерлер аутосервис, дәріхана, қоғамдық асхана, шайхана және ет өнімдерін өңдеу цехы секілді нысандар ашты, – деді Қ. Сүйеуғалиев өз баяндамасында.
Ауданда 817 шағын кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл салада 1936 адам жұмыспен қамтылған. Экономиканы дамытуға инвестиция тарту да маңызды бағыттардың бірі. 2026 жыл-
дың тоғыз айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5,7 млрд теңгені құрады. Оның 4,1 млрд теңгесі – жеке инвестициялар. Қадыржан Орынбасарұлы инвестициялық жобалар ауқымында ауданның Егіндікөл және Жусандыой ауылдық округтерінде ет бағытындағы мал шаруашылығы кешендерін салу жоспарланғанын сөзіне өзек етті. Кешен жобасының құны – 650 млн теңге.
– «Қаз ОКК» ЖШС Аустралиядан 5,5 млрд теңгеге герефорд тұқымды 3000 бас асыл тұқымды мал әкелуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда 650 млн теңгеге 325 бас мал әкелінді.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Төлен, Сәуле және Қарақамыс елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ететін магистральдық жүйенің құрылысы аяқталып, тамыз айында пайдалануға берілді. Нәтижесінде аудан халқының ауыз суға деген қажеттілігі толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Егіндікөл және Сулыкөл ауылдық округтерінде ветеринариялық пункттер, аудан орталығында ветеринариялық станса және төрт ауылдық округте мал қорымдары салынуда. 2025-2026 жылдары 1 млрд 687,4 млн теңгеге Аққозы ауылында жаңа мәдениет үйі мен Шөптікөл ауылында мәдени-спорт кешені салынып, халық игілігіне берілді. Қаратөбе ауданы орталығын абаттандыруға 100 млн теңге бөлініп, кіреберіс арка, жарық шамдары, LED-экран, балаларға арналған футбол алаңы орнатылды. Орталық саябаққа субұрқақ пен домбыра мүсіндері қойылып, ауданның 100 жылдығына орай 100 түп терек отырғызылды. Аққозы және Қаратөбе ауылдарында балалар ойын алаңдары салынды. Жол инфрақұрылымын жақсарту жобалары да жалғасуда. Қазіргі таңда Шалғын ауылы-на дейінгі 10,4 шақырым кірме жолға қиыршық тасты жол қабаты төселуде. Жусандыой, Ханкөл, Егіндікөл және Сулыкөл бағытындағы жолдарды күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, тиісті басқармаға бюджеттік өтінімдер жолданды.

Электр желілерін жаңғырту аясында ауданда жалпы ұзындығы 88 шақырым әуе желісіне құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізілуде. Жоба Егіндікөл, Қоскөл, Соналы, Сулыкөл, Жусандыой және өзге де елді мекендердің электрмен жабдықтау жүйесін жақсартуға мүмкіндік береді. Ал Алакөл мен Сәуле ауылдарын ұялы байланыспен қамту үшін мұнаралар орнатылып, жыл соңына дейін байланыс желісін іске қосу жоспарланған. Қаратөбе ауылындағы базалық станса 5G стандартына сай жаңартылды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері мансап орталығына 938 адам жүгініп, 490 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде 280 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Биыл төрт азаматқа жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 6,9 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілді, – деді аудан әкімі.
Әкім мәліметінше, білім беру саласы бойынша Сәуле ауылындағы Жақсыбай негізгі орта мектебінің 60 орындық жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Сондай-ақ аудандағы мектептер де интернетпен қамтамасыз етілуде. Алты мектепке Starlink спутниктік интернеті қосылып, тағы 12 мектепке талшықты-оптикалық желі арқылы интернет тартылды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында соңғы екі жылда облыстық бюджеттен 393 млн теңгеге 92 бейнебақылау камерасы орнатылды. Қоскөл ауылдық округінде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында өрт сөндіру бекеті ашылды. Сонымен қатар мал бағымын цифрландыру мақсатында GPS трекерлер, электронды бақташы және дрондар қолданылып келеді.
Баяндама соңында Қадыржан Сүйеуғалиевке ауданның туристік әлеуетін арттыруға қатысты жобалар жөнінде сауал қойдық. Аудан әкімі туризм саласын дамытуға қомақты қаражат қажет екенін жеткізді.
– Былтырлары ауданымыздағы көне қорымдарға жас-өспірімдерді апардық. Бұл экспедициялық жобаға аудандық ардагерлер ұйымының көмегі мол болды. Егіндікөл ауылының тарихы тым тереңде, табиғаты да ерекше. Ауыл маңындағы Құныскерей үңгірі, бұлақ пен таулары – туризмді түлетуге таптырмас орын. Бұрын Егіндікөлде балаларға арналған туризм лагері жұмыс істеді. Бертін келе лагерь санитарлық талаптарға сай емес екені анықталған соң, жабылып қалды. Қазіргі таңда бұл ғимарат –
ветеринариялық пункттің меншігінде. Ветпунктке жаңа нысан салынуда, құрылысы аяқталған соң балаларға арналған туризм лагерін қайта ашу жоспарымызда бар, – деп сұрағымызға жауап қатты.
Нұрым Қайырболатұлы,
«Орал өңірі»