Орал қаласындағы №37 жалпы орта білім беретін мектепте «Бірге өсеміз, бірге дамимыз: ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар баланы қалай қолдауға болады?» тақырыбында ата-аналарды қолдау семинары ұйымдастырылды.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеу мен дамытуда ата-аналарға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды мақсат еткен семинарда сала мамандары ата-аналарға маңызды ақпараттар ұсынды.
Семинарда Орал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Анаргүл Сисенова өзі де ерекше баланы тәрбиелеп отырған ана ретінде тәжірибесін бөлісті. Ол үйдегі ерекше баланың отбасындағы басқа балаларға әсері, ата-ананың психологиялық жағдайы туралы ойын ортаға салып, отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау және ата-аналардың жұмыспен қамтылу мүмкіндіктері туралы кез келген уақытта мәлімет беруге дайын екенін айтты. Ал Орал қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының психологі Гүлнара Кабулова ата-ананың психологиялық саулығы, баланы түсіну мен қабылдау тақырыптарын қозғап, әсерлі тренингтер өткізіп, қатысушыларға рухани серпіліс пен мотивация сыйлады.
№37 орта мектепте педагог-ассистент қызметі 2023-2024 оқу жылынан бастап жүйелі түрде жүзеге асырыла бастаған. Алғашқы кезеңде педагог-ассистент көмегімен 5 білім алушы сүйемелденсе, қазіргі таңда олардың саны 34-ке жетті. Бұл ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға деген сұраныстың жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді.
Педагог-ассистенттер қатарының көбеюіне байланысты арнайы бірлестік құрылып, оның менеджері болып Зергүл Рамазанова тағайындалды. Бүгінде мектепте 34 педагог-ассистент қызмет атқарады. Олардың басым бөлігі – әртүрлі пәндер бойынша жоғары білімді, тәжірибелі, білікті ұстаздар. Араларында магистр дәрежесі мен біліктілік санаттары бар мамандар да аз емес. Барлығы арнайы біліктілік даярлығынан өтіп, инклюзивті білім беру бағытында білімдері мен тәжірибелерін жетілдіріп келеді.
Педагог-ассистенттің жұмысы баланы сабақ барысында сүйемелдеумен ғана шектелмейді. Олар оқушылармен, ата-аналармен және пән мұғалімдерімен бірлесе жұмыс жүргізіп, түрлі тәрбиелік, танымдық іс-шараларға қатысады. Сонымен қатар мектептің қоғамдық өміріне де белсенді араласып, инклюзив ортаны қалыптастыруға өз үлестерін қосып келеді.

– Ерекше баламен жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік пен шыдамдылықты, кәсіби білім мен шынайы жанашырлықты талап ететін еңбек. Әр баланың мүмкіндігін көре білу, оның кішкентай жетістігінің өзін бағалау және алға қарай қадам басуына көмектесу – біздің міндетіміз. Осындай кездесулер мен ортақ іс-шаралар ата-аналарға күш-қуат беріп қана қоймай, мектеп пен отбасы арасындағы сенімді нығайтады. Себебі ерекше баланың дамуы үшін ең маңыздысы – оның жанында түсінетін, қолдайтын және оған сенетін адамдардың болуы. Біз әр баланың ерекшелігін кедергі емес, оның жеке даму жолының бір бөлігі ретінде қабылдай білсек, бірге талай белесті бағындыра аламыз. Өйткені әр бала бақытты болуға, білім алуға және қоғамның толыққанды мүшесі болуға лайық! – дейді іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, педагог-ассистент, педагогика ғылымдарының магистрі Альфия Жеңісова.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Аслима Ғабдрахимова ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың денсаулығын сақтау және медициналық қолдау мәселелеріне тоқталып, ата-аналардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Семинардың тәжірибелік бөлігінде №34 «Балбұлақ» бөбекжайының логопед-сарапшы педагогі Нұрсұлу Латыпова «Бала тілін дамытуда атаананың рөлі: үй жағдайындағы тиімді логопедиялық ойындар» тақырыбында пайдалы кеңестер ұсынып, атааналармен практикалық жұмыстар жүргізді. Бұл бөлім ата-аналарға күнделікті үй жағдайында баланың сөйлеу дағдыларын дамытуға болатын қарапайым әрі тиімді тәсілдерді үйренуге мүмкіндік берді.
Семинар соңында мектептің инклюзия қызметіне жауапты маманы, директордың орынбасары Назгүл Жасқайратқызы сөз сөйлеп, арнайы шақырылған мамандарға алғыс білдіріп, мектеп директорының атынан алғысхаттар табыстады.
Гүлжан Ғалым,
Орал қаласы