17.11.2026, 19:00
Оқылды: 8

Спорттағы жеңіс пен білімдегі ізденісті ұштастырған жас көшбасшы

Құрмашева Ранида Талғатқызы – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Политехникалық институтының 6В11200 – «Өндірістегі тіршілік қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті. Ол 2007 жылғы 15 шілдеде дүниеге келген.

WhatsApp Image 2026-11-13 at 18.09.09 (2)
Ранида – білім мен спортты қатар алып жүрген, жігерлілігімен, еңбекқорлығымен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленетін талантты студент. Жастайынан спортқа қызығушылық танытып, бірнеше жекпе-жек түрін меңгерген ол бүгінде облыстық және республикалық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Оның спорттағы жетістіктері ерекше мақтауға лайық. Ранида аралас жекпе-жектен (ММА) облыстың екі дүркін чемпионы, самбодан облыстық жарыстың жүлдегері атанды. Кудодан облыс біріншілігінде екі рет жеңіс тұғырынан көрінді. Каратэден Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері әрі облыстың бес дүркін чемпионы болды. Сонымен қатар бокстан Қазақстан чемпионы және облыстың бес дүркін чемпионы атағын иеленді.
Осындай толағай табыстар – күнделікті жаттығудың, мықты тәртіптің, табандылық пен жеңіске деген ұмтылыстың нәтижесі. Әртүрлі спорт түрлерінен жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үлкен физикалық дайындықты ғана емес, қайсар мінезді, рухани төзімділікті және мақсатқа беріктікті талап етеді. Ранида бойындағы осы қасиеттер оны құрбы-құрдастарына үлгі етуде.
Ол спортпен ғана шектелмей, оқуына да жауапкершілікпен қарайды. Болашақ мамандығына қызығушылық танытып, білімін үнемі жетілдіруге ұмтылады. Сабақ үлгерімі жақсы, берілген тапсырмаларды уақытында әрі сапалы орындайды. Оқытушылармен және студенттермен жақсы қарым-қатынас орнатып, ұжымдық жұмыстарға белсенді қатысады.
Қазіргі таңда Ранида Құрмашева Политехникалық институттың студенттік деканы қызметін атқарады. Бұл міндет оның бойындағы көшбасшылық, жауапкершілік және ұйымдастырушылық қабілеттерін айқын көрсетеді. Ол студент жастардың бастамаларын қолдап, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал етеді. Институт көлемінде өткізілетін мәдени, спорттық және тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып, студенттер мен институт басшылығы арасындағы байланысты нығайтуға өз үлесін қосып келеді.
Белсенді студент ретінде Ранида жаңа идеялар ұсынудан, жауапты міндеттерді өз мойнына алудан және қатарластарына көмектесуден ешқашан тартынбайды. Оның ашық мінезі, талапшылдығы, әділдігі мен адамгершілік қасиеттері айналасындағылардың құрметіне бөленуіне негіз болып отыр. Ол – спорт алаңында мықты қарсылас, білім ордасында ізденімпаз студент, ал қоғамдық ортада сенімді көшбасшы.
Раниданың жетістіктері – Политехникалық институт пен университет үшін үлкен мақтаныш. Оның әрбір жеңісі өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға, уақытты тиімді пайдалануға және алға қойған мақсаттан таймауға үндейді. Білімді, қайсар, белсенді және жан-жақты жастар – еліміздің жарқын болашағы.

WhatsApp Image 2026-11-13 at 18.09.08
Құрметті Ранида Талғатқызы! Алдағы уақытта да спорттағы жеңістеріңіз еселеніп, Қазақстанның көк байрағын халықаралық додаларда биікте желбіретуіңізге тілектеспіз! Оқуыңызды ойдағыдай аяқтап, таңдаған мамандығыңыздың білікті маманы атаныңыз. Әрбір бастаған ісіңіз сәтті болып, армандарыңыз ақиқатқа айналсын! Қайсар мінезіңіз бен қажырлы еңбегіңіз сізді әрдайым биік белестерге жетелесін. Жеңіс тұғырынан түспей, ел мақтанышына айнала беруіңізге тілектеспіз!

Бибігүл Сарбалина, 
политехникалық институт директорының ТЖЖ орынбасары,
т.ғ.к., доцент м.а

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале