18.11.2026, 16:00
Оқылды: 4

Дина Нұрпейісованың шөбересі: Аңыз күйшінің ұрпағы болу – үлкен жауапкершілік

Биыл қазақтың ұлы күйшісі Дина Нұрпейісованың туғанына – 165 жыл. Осы ретте күйші мұрасына қатысты кейінгі жылдардағы атқарылған істер туралы педагогика ғылымының кандидаты, профессор, республикалық «Күй анасы» қорының басшысы, күйшінің тікелей ұрпағы Төлеген Қуанышевпен сұхбаттасқан едік.

fa49479c0a741abc951d45d8461facda

–  Дина Нұрпейісованың мұрасын насихаттау ісін қолға алуыңызға қандай жағдай түрткі болды?

– Менің әкем майдангер Шаңғытбай Қуанышев екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Алматы қаласында Ақжан анаммен танысқан. Екеуі отбасын құрып, 5 бала тәрбиелеген. Ал анам Ақжан Нұрпейісова – Дина әжеміздің үлкен баласы Жұрынбайдың қызы. Дина Кенжеқызы менің нағашы әжем, есімімді де қойған сол күйші әжеміз. Мен үшін аңыз күйшінің ұрпағы болу – мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік.

1980 жылдары Мәскеуде аспирантурада оқып жүріп демалыста үйге келген кезімде қонақ болып отырған күйші Қаршыға Ахмедияровпен таныстым. Дина әжеміз туралы ғылыми диссертациясына тың деректер жинау мақсатында менің анама келіп отырған сәті екен. Әнгімелесу барысында ағамыз маған: «Осы сен неге Дина әжеміздің өнерін насихаттамайсың?» деп сұрақ қойды. Мен үшін бұл күтпеген сұрақ болды. «Дина шығармашылығы туралы баспасөз құралдары арқылы кеңінен жазылып жатыр. Оның үстіне мен өнертанушы емеспін ғой», дедім. Сол кезде ол кісі: «Әй, қан тартпай қоймайды, түптің түбінде бұл мәселеге оралып келесің», деп айтқаны есімде.

Қаршыға ағаның сол ойы дәл келді. Алайда, оңдай істі зейнеткерлікке шыққаннан кейін 2019 жылы ғана қолға алдым. Дина әжеміз туралы жазған алғашқы еңбегім «Таң-Шолпан» журналының 2020 жылғы 1 қаңтардағы нөмірінде жарық көрді. Сол кезден бастап «Динатану» мәселелерімен айналысуға біржола бет бұрдым.

–  «Күй анасы» атауымен республикалық қор құрылғанын білеміз. Алғашқы атқарған істеріңізге тоқталсаңыз?

– 2020 жылы наурыз айында «Күй анасы» атауымен республикалық қор құрдық. Қазақстанға еңбегі сіңген заңгер, қоғам қайраткері Ирак Елекев ағамыз бастаған құрамында 10-нан астам елге белгілі азаматтардан құралған «Ағалар алқасын» құрып, атқарылар істердің жоспарын жасауға қызу кірістік.

Президенттің атына Астана қаласында Дина әжемізге ескерткіш орнату туралы Халық әртісі Бибігүл Төлегенова бастаған 15-ке жуық өнер қайраткерлерінің қолы қойылған өтініш жазылып, Президент әкімшілігіне табысталды. Өтінішіміз аяқсыз қалмады. 2021 жылы шілде айының 4 жұлдызында «Домбыра» күні қарсаңында салтанатты түрде «Күйші Дина» көшесінде әсем ескерткіш бой көтерді.

Сол кезде қала әкімі болған Алтай Көлгіновке, Ішкі саясат басқармасының бастығы Дәурен Бабамұратовқа, мүсінші Бауырхан Жалынға өнер сүйер қауымның және әулеттің атынан айтар алғысым шексіз. Сол кездегі Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ашылу рәсіміндегі құттықтау сөзінде «келешекте осы аумақты өнер орталығына айналдыру керек», деді. Ол кісінің айтқан терең ойы бізді жігерлендіріп, Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке және сол кездегі қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Қаналимовтың атына өтініш хат жаздық. 2023 жылдың шілде айында «Домбыра» мерекесі қарсаңында Дина ескерткішінің маңында орналасқан көкжиек тұсқа «Күйшілер аллеясы» атауы беріліп, салтанатты түрде ашылды.

Сонымен қоса, күйшілігін халық мойындаған, дүниеден озған 100 күйшінің аты-жөні қашалған тас белгі қою туралы бастама көтердім. «Ағалар алқасы»  отырыстарының бірінде сол туралы талқылап, өнер қайраткері, күйші-композитор, профессор Айтжан Тоқтаған ағамыз бастаған азаматтардан қолдау таптым. Сол орайда Алматы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның ректоры Арман Жүдебаевқа қалалық мәдениет басқармасының атынан хат жолданды. Ғылыми кеңестің бекітуімен белгі тасқа есімдері жазылатын 100 күйшінің тізімін ресми айқындап беруді сұрадық. Сөйтіп, тасқа қашалатын тізімді заңдастырдық. Осылайша, белгі тас бой көтеріп, салтанатты түрде ашылды. Міне, осылар біздің алғашқы атқарған істеріміз.

–  Ұлттық өнерге қатысты тағы басқа да атқарған істеріңізге тоқталып өтсеңіз...

– «Күйшілер аллеясында» 2021 жылдан бастап тұрақты түрде «Наурыз» мерекесін өткізіп келеміз. Осы аллеяны абаттандыру мәселесі бойынша бастамамыз 2023 жылы сәтті жүзеге асты. Ал, 2025 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, күйші-композитор, профессор Орынбай Дүйсеннің (марқұм) есімін күйшілерге арналған ескерткіш тасқа қосымша жазу туралы бастама көтеріп, жүзеге асырдық. Сондай-ақ, 2025 жылы екінші дүниежүзілік соғысының аяқталуына 80 жылдығына орай, майданда қаза тапқан күйші-композитор Смағұл Көшекбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған іс-шара өткіздік. Сонымен қоса, Астана халықаралық университетінің педагогика факультетінде оқитын 60-тан астам студенттермен бірлесіп, «Мұрагерлер» атауымен үйірме (жетекшісі философия ғылымдарының кандидаты Ерзат Жетібаев) құрдық, басты мақсат – жастар арасында ұлттық өнерді насихаттау.

Аталған игі істің жалғасы ретінде қазақ еліне танымал 110 жыршы-жырауға белгітас қою бастамасын көтерген едік. Сол орайда, К. Байсейітова атындағы Ұлттық өнер университетінің жыр кафедрасының меңгерушісі, жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов бастаған ұстаздар қауымы сараптап әзірлеген 110 жыршы-жыраудың тізімі айқындалып, Астана әкімдігінің қолдауымен 2024 жылдың жаз мезгілінде белгі тас қойылды.

Бұдан бөлек, биіктігі 5 метр, ұлттық аспабымыз – домбыраның кіші архитектуралық үлгісінде мүсінді (елордадағы Алматы ауданы әкімшілігінің қолдауымен) 2024 жылы орнатуға бастамашы болдық және былтырдан бері осы аумаққа 300-ге жуық шырша егілді.

110 дәстүрлі әншіге арнап белгі тас қою жөнінде де бастама көтергенбіз, қолдау тапты. Алдағы уақытта бұл ойымызды да іске асырамыз.

Динаның өмірі, өнегесі, өнері және ортасы туралы көркем фильм (режиссері:  Н. Патеев, кеңесшісі: Т. Қуанышев) 2022 жылы түсіріліп, көрерменге жол тартты.

«Күй анасы Дина» (2021 жылы) және «Ғасыр саңлағы» (2025 жылы) атты екі кітап (құрастырушы авторы Т. Қуанышев) жарық көрді. Оқырман бұл кітаптардан Дина Нұрпейісованың 24 күйін QR қод арқылы тыңдай алады.

Қордың бастамасымен, «Астана – күй қанатында» атты қалалық Дина Нұрпейісова атындағы домбырашы-күйшілердің байқауы үш рет өткізілді. Өнерлі жасөспірімдердің қатысуымен (1570 адам) «Күй жәрмеңкесі» жыл сайын өткізіліп, жеңімпаздарға қолжетімді бағадағы домбыралар тарту етілді. Оған қоса, «Күй анасы» мен «Деғдар» қоры атынан 245 домбыра тегін таратылды, оның ішінде Астана қаласындағы аз қамтылған тұрғындардың балаларына табысталды.

Д. Нұрпейісованың шығармашылығы туралы 15-ке жуық кездесу, дөңгелек үстел отырыстары және әдеби-сазды кештер өткізілді.

Күйші Дина көшесін бірнеше жолақты жаңа жол салу тұрғысындағы өтінішіміз де орындалды. 2026 жылы жол пайдалануға берілді.

– Алдағы уақытта қандай жұмыстарды атқаруды жоспарлап отырсыздар?

– Д. Нұрпейісованың есімін бір оқу орнына беру туралы Астана қаласы әкімінің атына хат жолдадық және Ақтөбе қаласында күйшінің ескерткішін орнату туралы Ақтөбе облысының әкіміне арнайы хат жібердік, оң шешімін табады деп ойлаймыз.

Ақтөбе қаласында «Димаш Құдайберген» атындағы ұлттық өнер орталығын салуды және Құрманғазы атындағы  консерваторияның немесе Казақ ұлттық өнер университетінің филиалын ашу жөнінде Ақтөбе облысының әкіміне хат жолдадық.

Дина Нұрпейісованың өмірін, өскен ортасын және өнерін қамтитын танымдық энциклопедия шығару ойымызда бар. Қазіргі уақытта 1750 әдебиет көздері топтастырылып, 450 беттік материалы жинақталып тұр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Дереккөз: egemen.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале