Ақжайық аудандық мәдени-демалыс орталығында әйелдер күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Зейнеп Баяновамен кездесу кеші өтті.

Шараға аудан әкімі Мұрат Сердалин, облыстық күрес федерациясының өкілдері, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен аудан жастары қатысты.
Кездесуде Зейнеп Мәлікқызы спортқа келу жолы, балалық шағы, алғашқы бапкері Роллан Хамзин және халықаралық жарыстардағы жетістіктері туралы әңгімеледі. Сондай-ақ жас спортшыларға ақыл-кеңесін беріп, жеңіске жету жолындағы табандылық пен еңбектің маңызын атап өтті.
Жиында аудан әкімі Мұрат Сердалин ақшалай сыйлық және «QAZAQ AQBAS» республикалық палатасының директорлар кеңесінің төрағасы, «Лбищенское» ЖШС басшысы Арман Қабановтың спортшыға арнайы жіберген сый-сияпатын табыстап, ізгі тілектерін білдірді. Сондай-ақ Есенсай ауылдық округінің әкімі Парасат Тасқалиев Зейнептің ата-анасы осы ауылдан екенін айтып, ауылдастарының атынан 150 мың теңге табыстады. Ал аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Айдын Сарсенғазиев аудандық еркін күрес жаттықтырушылары атынан бір жылқы сыйлады.
Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы